Құрметті International Information Technology University студенттері, оқытушылары және қызметкерлері!
Биылғы 1 қыркүйек сіздер үшін де, мен үшін де ерекше күн.
Мен алғаш рет жаңа оқу жылын сіздермен бірге International Information Technology University ректоры ретінде қарсы алып отырмын.
Бұл біздің университет мамандар даярлайтын саланың өзі аса үлкен жылдамдықпен өзгеріп жатқан кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.
Жасанды интеллект бүгінде әлемдік экономиканың құрылымына, мемлекеттік басқаруға, қауіпсіздікке, білімге, ғылымға және өнеркәсіпке ықпал етуде. АҚШ пен Қытай есептеу қуаттары, жеке модельдер, деректер және мамандар үшін технологиялық бәсекеге түсіп отыр. Әлемнің жетекші университеттері білім беру бағдарламаларын, зерттеулер жүргізу қағидаларын және түлектерге қойылатын талаптарды қайта қарастыруда. Мемлекеттер үшін өз технологияларын жасау және енгізу қабілеті бәсекеге қабілеттілік пен технологиялық дербестік мәселесіне айналып отыр.
Қазақстан да осы жаһандық технологиялық сын-қатер жағдайында өз таңдауын жасады.
2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Елімізде AI инфрақұрылымы дамып, суперкомпьютерлік қуаттар жұмыс істеуде, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды, AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда, жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін дамыту міндеті қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл таңдаудың маңызын нақты атап өтті: «Жасанды интеллектінің пайда болуымен болашаққа ілесе алатын елдер мен өткенде қалып қоятын елдердің арасында өзіндік бір шекара пайда болды».
Бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мәселесі туралы айта келе, ең басты жайтқа тағы да назар аударды: технологиялық шешімдерді енгізу жылдамдығы білім беру жүйесінің оларды нақты қолдануға дайындығымен қатар жүруі тиіс. Дайындалған педагогтер, түсінікті стандарттар, деректерді қорғау, AI-ды жауапкершілікпен пайдалану және ең бастысы — дайын құралдарды қолдана алатын әрі өз шешімдерін жасай алатын адамдар қажет. Бұған дейін Президент ерекше атап өткендей: «Жасанды интеллект қаншалықты дамығанымен, адамның ойлау қабілеті одан әрдайым озық болуы тиіс».
International Information Technology University үшін бұл міндеттердің нақты мәні бар.
Біздің университет ақпараттық технологиялар саласына мамандар даярлау үшін құрылған. Бүгінде бұл миссияның маңыздылығы бұрынғыдан да кеңейді. Қазақстанға AI әзірлеушілері, инженерлер, деректер және киберқауіпсіздік мамандары, зерттеушілер, цифрлық жүйелер архитекторлары, алгоритмдердің мүмкіндіктерін және оларды қолданудың салдарын түсінетін технологиялық кәсіпкерлер қажет.
Сондықтан бүгін, ең алдымен, біздің бірінші курс студенттеріне үн қатқым келеді.
Бірнеше ай бұрын сіздер университет таңдап, бағдарламаларды салыстырып, баллдарыңызды есептеп, грант нәтижелерін күтіп, шешімдеріңізді ата-аналарыңызбен талқылап жүрдіңіздер. Бүгінде бұл таңдау жасалды — сіздер International Information Technology University (IITU) студенттерісіздер.
Сіздерге және отбасыларыңызға көрсеткен сенімдеріңіз үшін рақмет.
Сіздер технологиялар мемлекеттердің дамуының басты факторларының біріне айналып отырған кезеңде мамандық таңдадыңыздар. Бұл сіздерге үлкен мүмкіндіктер береді және сонымен бірге білімдеріңіздің сапасына мүлде жаңа талаптар қояды.
Мамандықтар білім беру бағдарламаларына қарағанда жылдамырақ өзгеруде. Жасанды интеллект қазірдің өзінде код жаза алады, орасан зор көлемдегі ақпаратты талдайды, суреттер мен бейнероликтер жасайды, аударады, жобалайды және болжайды. Бірнеше жыл бұрын перспективалы технология болып саналатын дүниелер бүгінде күнделікті жұмыс құралына айналып келеді.
Төрт жылдың ішінде бүгін қолданып жүрген құралдарыңыз да өзгереді. Жаңа модельдер, жаңа тілдер, жаңа мамандықтар пайда болады, ал қалыпты жұмыстың бір бөлігін алгоритмдер атқаратын болады. Сондықтан университетке қадам басқан кездегі басты сұрақ болашақ диплом туралы сұрақтан әлдеқайда маңызды: сіз машинаның қолынан келмейтін қандай істі одан жақсы атқара аласыз?
Менің ойымша, бүгін бұл сұрақ әрқайсымызға — студентке, оқытушыға, зерттеушіге және басшыға — серік болуы тиіс.
IITU 2009 жылы Қазақстанға жаңа цифрлық экономика үшін өз мамандары қажет болған кезеңде құрылды. Өткен жылдар ішінде университет мыңдаған түлек даярлады. Бүгінде олар қазақстандық және халықаралық компанияларда жұмыс істейді, өздерінің технологиялық өнімдерін жасайды, бағдарламалық инженериямен, Data Science, ақпараттық қауіпсіздікпен, телекоммуникациялармен, қаржылық технологиялармен және цифрлық медиамен айналысады.
Қазір университет алдында ауқымы жағынан келесі үлкен сын-қатер тұр. Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуді жеделдетіп жатыр, ал еліміздің Президенті білім беру жүйесіне жаңа технологияларды саналы, қауіпсіз және нәтижелі пайдалануды үйрену жөнінде нақты міндет қойып отыр. Талаптар мектептер, колледждер және университеттер деңгейінде өзгеруде.
IITU үшін бұл сын-қатерлердің ерекше маңызы бар.
Өткен оқу жылында біздің университеттің базасында Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде жасанды интеллектіні қолданудың ЖООаралық стандартының екінші редакциясы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінде мақұлданды. Біздің университет AI-дың қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру, ғылыми және әкімшілік тәжірибесіне енгізілу қағидаларын қалыптастыруға қатысып отыр.
Мен үшін келесі қадамның практикалық нәтижемен байланысты болуы принципті түрде маңызды: стандарт аудиторияда жұмыс істеуі, зерттеулер әзірлемелерге ұласуы, әзірлемелер енгізілуі, ал сіздердің білімдеріңіз нақты міндеттерді шеше алу қабілетіне айналуы тиіс. Университетті дәл осы нәтиже арқылы бағалау керек.
Өткен оқу жылы бізге жақсы негіз қалады. IITU білім беру бағдарламалары «Атамекен» ұлттық рейтингінде жоғары орындарға ие болды. Data Science бағдарламасы түлектердің 100 пайыз жұмыспен қамтылу көрсеткішін растады. Телекоммуникациялар, бағдарламалық инженерия, ақпараттық жүйелер, қаржылық технологиялар, желілік қауіпсіздік және цифрлық журналистика бағдарламалары да жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Үш білім беру бағдарламасы халықаралық аккредитациядан өтті, олардың қатарында «Жасанды интеллект» магистрлік бағдарламасы бар.
Технологиялық компаниялармен және шетелдік университеттермен ынтымақтастық кеңейіп келеді. SAP, бұлтты технологиялар мен киберқауіпсіздік, халықаралық бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, AI саласындағы бірлескен жобалар — осындай әрбір келісімнің артында мен студент пен оқытушы үшін нақты мүмкіндік болғанын қалаймын: зертханалар мен технологияларға қолжетімділік, бірлескен зерттеулер, тағылымдамалар, хакатондар және алғашқы жұмыс ұсыныстары. Сонда ғана серіктестіктің мәні болады.
Бүгінде технологиялық университетте оқытушы болу ерекше қиын. Студент жаңа құралға оқулық жарық көргенге дейін қол жеткізеді, кейде жаңа модель немесе сервис туралы оқытушымен бір уақытта біледі. Сондықтан оқытушының беделі оның иелігіндегі ақпарат көлемімен емес, ойлауға, тексеруге, күмәндануға, міндет қоюға және нәтиже үшін жауап беруге үйрете алу қабілетімен барған сайын көбірек анықталуда.
Құрметті оқытушылар, университеттің қадірлі ғылыми қауымдастығы!
Мен біздің кәсіби серіктестігімізге үлкен үміт артамын.
Менің кәсіби өмірімнің басым бөлігі ақпараттық технологиялармен, жасанды интеллектімен, цифрлық білім берумен және университеттік басқарумен байланысты. Сондықтан IITU-дың көптеген міндеттері маған кәсіби тұрғыдан өте жақын. Алайда университетті тек құжаттар, рейтингтер мен ақпараттық жүйелер арқылы танып-білу мүмкін емес — оны тыңдай білу керек.
Мен үшін студенттердің, оқытушылардың, ғалымдардың, қызметкерлер мен түлектердің пікірін есту маңызды: бүгінде IITU-дың күшін не құрайтынын, нені одан әрі дамыту қажеттігін және қандай жинақталған мәселелерді бірге шешуіміз керектігін түсінгім келеді. Дәл осындай өзара іс-қимыл арқылы біз IITU-дың еліміздің ең мықты технологиялық университеттерінің бірі ретіндегі позициясын нығайтып, дәлелдей аламыз деп сенемін.
IITU бастапқыда Қазақстан үшін жаңа технологиялық дәуірдің университеті ретінде құрылды. Бүгінде университеттер мен елдер, білім беру модельдері, зерттеу командалары, технологиялық шешімдер және білімді жұмыс істейтін өнімге айналдыру жылдамдығы арасындағы бәсекенің жаңа кезеңі басталып отыр.
IITU-дың бұл бәсекеде ең басты артықшылықтары бар: нақты бағыты, тәжірибесі, мықты түлектері, кәсіби қауымдастығы және технологияны өз мамандығы ретінде саналы түрде таңдаған жастар.
Қымбатты бірінші курс студенттері!
Бірнеше жылдан кейін дипломмен қадам басатын әлеміңіз бүгінгіден айтарлықтай өзгеше болады, ал сіздер қолданатын көптеген құралдар әзірге тіпті жасалған жоқ. Сондықтан IITU-да оқитын жылдарыңызда тек мамандық қана емес, одан да көп нәрсе игерулеріңізді тілеймін: тез үйренуді, мықты адамдармен жұмыс істеуді, күрделі міндеттерден қорықпауды, өз шешімдеріңізді тексеруді, бастаған істі нәтижеге дейін жеткізуді және жұмыстың барған сайын үлкен бөлігін машина атқаратын жағдайда да ойлау дербестігін сақтауды.
Біздің ортақ міндетіміз — университетте сіздердің осындай білім, тәжірибе және кәсіби даярлық алуларыңызға мүмкіндік беретін жағдай жасау.
Жаңа оқу жылының басталуымен!
Білім күні құтты болсын!
Гүлмира Бекманова, International Information Technology University ректоры