Еліміздің бас IT-университеті — Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде жаңа басшылық тағайындалды. Директорлар кеңесінің шешімімен ХАТУ Басқарма Төрағасы – Ректоры лауазымына мемлекеттік басқару, білім беру және заманауи технологиялар саласының танымал сарапшысы Биғари Рүстем Айдарбекұлы келді.
Рүстем Биғари — отандық цифрландыру жүйесінің бастауында тұрған және мемлекеттік маңызы бар ауқымды жобаларды сәтті жүзеге асырған стратегиялық деңгейдегі жетекші. Ол Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «Информатика және есептеуіш техника» мамандығы бойынша тәмамдаған. Халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың беделді Бостон университетінде «Ақпараттық жүйелер» (Киберқауіпсіздік) бағыты бойынша магистратураны үздік бітірген. PhD докторы ғылыми дәрежесі бар.
Нәтижелі кәсіби жолы мен ел дамуына қосқан үлесі:
Рүстем Айдарбекұлының еңбек жолы отандық және халықаралық ірі құрылымдармен тығыз байланысты. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасында (БҰҰДБ), Ұлттық экологиялық орталықта және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да маңызды жобаларды іске асырған.
Ұзақ жылдар бойы (2006–2018 жж.) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары секілді жоғары жауапты лауазымдарды атқарып, мемлекеттік деңгейдегі қауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылымның қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
2018–2021 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым вице-министрі қызметінде білім беру жүйесін түбегейлі цифрлық трансформациялауға жетекшілік етті. Оның басшылығымен мектептер мен жоғары оқу орындарында заманауи IT-технологиялар енгізіліп, пандемия кезеңінде қашықтан оқыту форматы сапалы ұйымдастырылды.
Соңғы жылдары еліміздің цифрлық дамуының басты қозғаушы күші — «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» РМК Бас директоры қызметін атқарып, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен Big Data технологияларын енгізуде ерекше нәтижелер көрсетті. «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Рүстем Айдарбекұлының ХАТУ басшылығына келуі — университет тарихындағы жаңа инновациялық серпілістің бастауы. Оның халықаралық тәжірибесі, ғылыми бэкграунды және IT саласындағы теңдессіз беделі ХАТУ-дың Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті ретіндегі мәртебесін нығайтып, жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жаңа леп берері сөзсіз.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ұжымы Рүстем Айдарбекұлына жаңа жауапты қызметте толағай табыстар, сарқылмас шабыт және еліміздің IT-білімін дамыту жолындағы ауқымды жобаларына сәттілік тілейді!


