Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ), USTEM Foundation және Unitree Robotics робототехника, білім беру және мамандар даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі — ХАТУ базасында авторизацияланған Unitree Robotics Lab зертханасын құру. Жаңа кеңістік Unitree роботтары және заманауи технологияларымен жабдықталып, студенттерді практикалық оқытуға, білім беру бастамаларын жүзеге асыруға және робототехника саласындағы құзыреттерді дамытуға арналған алаңға айналады.
Зертхана қызметі аясында практикалық сабақтар, робототехника бойынша чемпионаттар, шеберлік сабақтары, семинарлар мен тренингтер өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, тараптар заманауи робототехникалық технологияларды зерттеу мен қолдануға бағытталған бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуды көздейді.
Unitree Robotics Lab зертханасының ашылуы ХАТУ студенттеріне озық робототехникалық шешімдермен жұмыс істеу бойынша практикалық тәжірибе жинақтауға, кәсіби дағдыларын дамытуға және болашақ технологияларымен байланысты жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.
ХАТУ, USTEM Foundation және Unitree Robotics арасындағы ынтымақтастық Қазақстандағы робототехникалық білім беруді дамытуға, білікті мамандар даярлауға және жастардың заманауи технологияларға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Меморандумға қол қою тараптардың бірлескен жұмысының алғашқы кезеңі болды. Алдағы уақытта серіктестер робототехника саласындағы жаңа білім беру, ғылыми-зерттеу және практикалық бастамаларды дамытуды жоспарлап отыр.