Cyber4CA жобасы аясында Италияның Пиза қаласында киберқауіпсіздік бойынша оқыту өтті
Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің Cyber4CA жобасы командасының өкілдері 26–28 қазан аралығында Италияның Пиза қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына қатысты. Сант-Анна жоғары мектебінде (Scuola Superiore Sant'Anna) ХАТУ профессоры Талғат Нұрлыбаев ХАТУ-дің киберқауіпсіздік бойынша магистрлік бағдарламаны енгізу бойынша әзірлемесін ұсынды. Киберқауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі Дамелия Ескендірова ХАТУ-де бағдарламаны іске қосу жоспарларымен бөлісті.
Киберқауіпсіздік кафедрасының профессоры Талғат Нұрлыбаев баяндама жасап, заманауи киберполигондардың кибершабуылдарды модельдеу, ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін тексеру және болашақ мамандардың практикалық дағдыларын дамытудағы маңызы туралы айтып, кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шара Орталық Азияның цифрлық еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес киберқауіпсіздік бойынша инновациялық магистратуралық білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған «Development of Innovative Graduate Educational Program in Cyber Security for Digital Labor Market of Central Asia» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Жоба Erasmus+ бағдарламасының жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру бағыты бойынша жүзеге асырылуда.
Оқыту бағдарламасы барысында қатысушылар киберқауіпсіздік саласындағы білім мен тәжірибені жетілдіруге, халықаралық тәжірибемен алмасуға және жобаның негізгі міндеттерін іске асыруға бағытталған мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік бойынша білім беру бағдарламаларын дамыту, оқу үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізу және жоғары білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Cyber4CA жобасының негізгі мақсаты — Орталық Азия елдеріндегі цифрлық еңбек нарығының сұранысына сай киберқауіпсіздік саласындағы жоғары білім беру жүйесін дамыту. Жоба аясында үш жаңа магистратуралық білім беру бағдарламасын әзірлеу, 12 жаңа немесе жаңартылған оқу курсын енгізу, жеті киберқауіпсіздік зертханасын құру және цифрлық оқыту платформасын дамыту көзделген.
Пиза қаласында өткен оқыту халықаралық серіктестер арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтуға, киберқауіпсіздік саласындағы білім беру сапасын арттыруға және Орталық Азия елдерінде білікті мамандар даярлауға бағытталған жобаның маңызды іс-шараларының бірі болды.





