ХАТУ сарапшылары Қазақстан қалаларында оқу-тренингтерін өткізді
21-29 сәуір аралығында ХАТУ-дың тіл-әдістеме сарапшылары орыс тілін білмейтін балалардың сауаттылығын арттыру жобасына қатысқан Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы мектептерде болды. Сабақтарды бақылау және жанды қарым-қатынас оларға мұғалімдерге арналған тренингтерді ұйымдастыру және оқушыларды бағалаудың әдістемелік нұсқаулығын құрудағы келесі қадамдарды белгілеуге мүмкіндік берді.
Тіл сарапшысы, ХАТУ-дың Тілдер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Динара Алиева барлық мектептерде сабақ қолайлы жағдайда өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл міндетті сабақтар емес, факультативтік, қосымша сабақтар екені сезіледі. Барлық мұғалімдердің сабақтары әртүрлі: мұғалімдер ортақ мақсатқа, яғни балаларға орыс тілі арқылы жаңа ортаға бейімделуге көмектесуге қол жеткізу үшін әртүрлі құралдарды іздейді және пайдаланады.
«Маған Нұр-Сұлтандық ұстаздар табыстырақ болып көрінді. Бұл мектептердің жабдықталуына, балалар мен мұғалімдердің жалпы дайындығына байланысты шығар. Нұр-Сұлтандық мұғалімдер планшетпен – сабақта 3 рет 25 минуттан жұмыс істеу алгоритмін құрды. Сабақтың басында – жаттығу; ортасында – ән, ойындар; соңында – викторина», – дейді Динара Асылханқызы.
Ассистент-профессор Оксана Бубликова сапар барысында өздері барған № 60 мектеп-лицейдің техникалық жарақтандырылуын, сонымен қатар осы мектеп мұғалімдерінің кәсіби дайындығын атап өтті. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда мектептердің деңгейі және жеке басшылардың өз міндеттерін орындауға деген көзқарасы шынымен де жоғары: мұғалім де, директор да жобаға белсене қатысады, сондықтан да балалар әр түрлі деңгейде және әртүрлі жаста, тапсырмаларды орындай алады.
«Мектептегі сынып бөлмелері жарық, барлық жерде оргтехника бар, әр мұғалімде жеке компьютерден бөлек, өзінің принтері бар. Барлық жерде жайлы демалысқа арналған демалатын орындар бар. Екі кітапхана, хореография залы бар. Жобаға қатысқан мұғалім орыс тілінің шет тілі ретіндегі ережелері бойынша сабақ береді. Оның сабағы бізге қатты әсер етті, тіпті жоспарларымызды біршама өзгертіп жіберді: біз тренинг-сабақ көрсетудің орнына тек Анар Серікқызының сабағын талдадық», - дейді Оксана Васильевна.
Шымкентте жағдай күрделірек болды. Сарапшылар мұны мұғалімдердің орыс тілінің шет тілі ретіндегі (РКИ) әдістерінің орнына дәстүрлі әдісті қолдануымен байланыстырады.
«Біздің басты міндетіміз дәстүрлі әдіс бұл мәселеде әрқашан жақсы шешім бола бермейтінін көрсету болды, өйткені балаларды басқа әдістеме бойынша – орыс тілін балаларға арналған шет тілі ретінде оқыту керек. Біздің күш-жігеріміз ең алдымен әдістемеге бағытталды», - деп атап өтті Оксана Васильевна.
Динара Алиева атап өткендей, мұғалімдерде шет тілі дәрісханасында жұмыс істеу тәжірибесі жеткіліксіз. Мұндай қорытындыға ХАТУ сарапшылары да, мектеп қызметкерлері де келіп отыр.
«Мұғалімдер бастауыш сынып әдістемесі бойынша жұмыс істейді, мәтіндер мен тапсырмалар күрделі, бұл күтілетін нәтижеге қол жеткізуге ықпал етпейді. Біз тренингтерде беретін орыс тілін шет тілі ретінде оқытуға арналған материалдар қажет», – дейді Динара Асылханқызы.
Бұл тренингтер ай сайын онлайн түрде өткізіледі. ХАТУ мамандары Шымкент қаласына жасаған сапар барысында оффлайн ойын түрінде «Саяхат» тақырыбында тренинг сабағын өткізді. Сабақ барысында олар оқушыларға көліктің суреттерін көрсетті және балалардың троллейбустың не екенін білмейтініне таң қалды. Бұл балалармен әңгімелесудің ең қызықты сәті болды. Пәнаралық байланысы бар жаттығулар: сурет салу, ән айту арқылы жақсы тәжірибе көрсетілді. Барлық жаттығулар мен тапсырмалар топтық сипатта болды, орыс тілін шет тілі ретінде қолдану тәжірибесінде бұл әдіс оқытылатын тілде көпшілік алдында жауап беру қорқынышын жеңуге мүмкіндік береді. Фонетикалық жаттықтыру (қыздыру) ойыны да барлығына ұнады, ол балаларды тікелей байланысты бірден орнатуға мүмкіндік береді.
Сабақ барысында балалар фишкалар арқылы өздерін бағалады, сабақ соңында «Табыс ағашы» интерактивті жаттығуы арқылы өзіндік рефлексия жүргізді.
«Тек бір оқушы мазасызданып, өзінің толқып тұрғанын, өзін сенімсіз сезінетінін атап өтті (ағашқа жүрек түріндегі стикер ілінді). Қалғандары жетістіктері мен нәтижелеріне риза болды», – деп еске алады Динара Асылханқызы.
Тренинг алдында және одан кейін мұғалімдерге сауалнама жүргізілді. Олар грамматиканы түсіндірмей, күрделі тақырыптардан алшақ қалай жұмыс істеуге болатыны өздеріне түсінікті болғанын атап өтті. Сонымен қатар, жобаға қатысушылар дескрипторларды әзірлеу қажеттігі туралы ортақ шешімге келді.
«Мұғалімдермен кездесудің нәтижелері бойынша біз дескрипторларды әзірледік, олардың көмегімен әрбір мұғалім өз оқушыларының жетістіктерін бағалай және талдай алады», - деп түйіндеді Оксана Васильевна.
Бұл дескрипторлар үлгерімді бақылауға және оқушылардың білімін бағалауға арналған нұсқаулықтың бір бөлігін құрайды. Бұл әр сабақтың және жалпы жобаның тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.