ХАТУ мектеп мұғалімдеріне шетелдік балаларды бағалау критерийлерін ұсынды
2022 жылдың 5 наурызында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Тілдер кафедрасының оқытушылары 5 пен 17 жас аралығындағы шетелдік балалардың сауаттылығын арттыру жобасына қатысушы мұғалімдер үшін кезекті кеңес өткізді. Бұл курсты Akelius қоры, ЮНИСЕФ және ХАТУ бірлесіп әзірлейді. Ол Қазақстан аумағында 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 9 пилоттық мектепте жүзеге асырылды және аталмыш курс Akelius платформасында қолжетімді. Деңгейлердің жалпы саны бесеу, олар: A0, A1, A1.1, A2 (негізгі) және B1 (орта).
«Аквариум» форматында өткізілген семинарға қатысушылар критериалды бағалаудың мүмкіндіктері мен формаларын талқылап, формативті бағалаудан артықшылығын да атап өтті. Ассистент-профессор, ф. ғ. к. Динара Алиева бағалаудың жалпы маңыздылығын атап өтіп, сонымен қатар критериалды бағалаудың ең дұрысы екенін, өйткені ол оқушы жұмысының нәтижесін әр қырынан қарастырып, оны барынша көп оқуға ынталандыруға сеп болатынын атап өтті.
«Бағалаусыз балалардың жетістіктерін немесе мұғалім ретіндегі еңбегіңіздің нәтижесін көре алмайсыз. Балалар қашан да ұстазының пікірін білгісі келеді олар қандай баға алғанына қызығушылық танытады. Бағалаудың болмауы білім алушыларды босаңсытып жібереді және хаос тудырады. Бағалаусыз біз алға жылжи алмаймыз. Балаларды еңбегіне қарай бағалау маңызды. Критериалды бағалау дәл осы ретте ең жақсы әдіс. Бір жағынан бала мықтырақ болады, яғни ол нөл деген бағаны алмайды. Осындай жүйенің арқасында ол өз қабілетіне сүйеніп, оны ары қарай дамытуға талпынады. Критериалды жүйе хабардар болуға бағытталған. Сондықтан балалардың көзінен сабаққа деген қызығушылық пен оң көзқарасты көреміз», - дейді Динара Асылханқызы.
Оның айтуынша, бағалау критерийлері барлық төрт компонентіне, атап айтқанда оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым үшін қажет. Akelius платформасындағы тапсырмалар – бос орындарды толтыру, бірнеше таңдау, сұрыптау, толықтырулар және т.б. - критериалды бағалау жүйесіне сәйкес әрі үйлесімді келеді.
Ассистент-профессор, ф. ғ. к. Оксана Бубликова критерийлерді қалай дұрыс құрастыру керек деген мәселені көтерді. Мысал ретінде ол әріптестерімен бірлесе отырып шетелдік балалар үшін арнайы әзірлеген параметрлерді атады. Талқылау барысында мұғалімдер бұл критерийлерді қолдап, өз сабақтарында формативті және критериалды бағалауды үйлестіру мүмкіндігін атап өтті.
Сонымен қатар семинар жетекшілері бағалаудың ең жақсы жүйесі өзін-өзі бағалау екенін, ол мұғалімнің бағалауымен аяқталатынын атап өтті. ХАТУ оқытушылары өзін-өзі бағалауға қолайлы бірнеше әдістерді атады, олар - «Бағдаршам», «Табыс ағашы», «Суреттер сөйлейді», «Табыс баспалдағы».
«Мұғалім бұл жағдайда баланың жұмысын ғана емес, өзінің де жұмысын бағалайды. Мұғалімнің бағасы мен баланың бағасы сәйкес келсе, «Жарайсың, өзіңді дұрыс бағалап отырсың» деп кері байланыс береміз. Егер өзін-өзі бағалау дұрыс болмаса, мұғалім: «Өзіңе мейіріммен қара» немесе «Өзіңе қатал қара» деген жазба арқылы өтінішін білдіреді. Бізге сыныптағы еркіндік атмосферасы, табыс атмосферасы қажет. Екілік пен үштіктерді жарияламаңыздар, оқушыларды әрқашан жақсы нотада шығарып салыңыздар, сонда оларда ынта мен әрі қарай оқуға деген ұмтылыс пайда болады», - деп кеңес береді Оксана Васильевна.