Мектеп директорлары балаларға арналған жаңа сауат ашу курсын жоғары бағалады
Пилоттық мектептердің директорлары ЮНИСЕФ, Акелиус қоры және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ) мамандарының шетелдік балаларға арнап әзірлеген жаңа сауат ашу курсының әсерімен бөлісті.
Сауат ашу курсы 5 пен 17 жас аралығындағы шетелдік балаларға арналған. Шетелдік балалар - отбасылары жақын арада көршілес елдерден көшіп келген балалар. Әдетте, олар орыс тілін мүлде білмейді, өйткені үйде ата-анасы олармен ана тілінде сөйлеседі. Бұл балалардың жаңа шынайы өмірге бейімделіп кетуі қиын, сондықтан олардың интеграциясы мен әлеуметтенуі үшін арнайы сауат ашу курсы қажет.
Аталмыш курс қазір Akelius платформасында қолжетімді. Деңгейлердің жалпы саны бесеу: A0, A1, A1.1, A2 (негізгі) және B1 (орта). Қазақстанда осы курс арқылы балаларды сауаттылыққа үйрету 2021 жылдың қыркүйегінен бастап тоғыз пилоттық мектепте жүргізілуде.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №53 мектеп-лицейінің директоры Зәмзәгүл Қиянова әріптестерімен жобаға неліктен қатысуға шешім қабылдағанын және балалардың жаңа аралас форматта жарты жылдық оқуынан кейін қандай нәтижелерге қол жеткізгенін айтып берді.
«Білім беруді жаңғырту орталығынан «Акелиус» жобасының жұмысы туралы білдік. Орыс тілін үйренуге сұраныс бар болғандықтан, осы жобаға қатысуды жөн көрдік. Қытайдан, Өзбекстаннан, Әзірбайжаннан келген қандас балаларымыз бар. Жобаның маңыздылығы – біздің Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Бізге басқа елдерден келген балалар тілді білуі керек. Орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болғандықтан, біздің миссиямыз өте игілікті шаруа», – дейді Зәмзәгүл Ертайқызы.
Курсқа оқушыларды қабылдау үшін мектеп әкімшілігі хабарландыру жасады. Соның нәтижесінде № 53 мектеп-лицейдің оқушылары ғана емес, басқа мектептердің де балалары сауат ашу сабағына қатыса бастады.
«Біз мектептің айналасында және қала бойынша хабарландыру жасадық. Қазіргі уақытта курсқа біздің мектептің ғана емес, басқа мектептердің де балалары қатысады, мысалы: № 22- мектеп, № 73- лицей мектебі. 16 оқушыдан тұратын аралас жас тобы құрылды. Курсқа қатысуға ниет білдіргендерді қуана қарсы аламыз», – дейді Зәмзәгүл Ертайқызы.
Оның айтуынша, балалар «Акелиус» жобасы бойынша тапсырмаларды орындауға зор қызығушылық танытады. Бұл оларға тіл үйренуге, құрдастарымен араласуға және қоғамдағы қарым-қатынаста көмектеседі.
«Балалар аптасына 2 рет оқиды. Оқушылар мен мұғалімдердің нәтижелері мақтауға тұрарлық. Оқушылар жақсы оқиды, мұғалім материалды дұрыс жеткізеді. Балалар өздерін жайлы сезінеді, топта еркін сөйлеседі. Мұғалім балаларға қиын кезде әрқашан қолдау көрсетеді. «Akelius» жобасының жұмысы үмітімізді ақтайды», – деп түйіндеді сөзін Зәмзәгүл Ертайқызы.
Білім беруді жаңғырту орталығынан елордалық № 67 мектеп-гимназиясының директоры Гүлжанат Абдраманова да жоба туралы білген. Гимназия басшылығы жобаға қосылу туралы шешімге салмақты түрде қарады.
«Бұл жоба ұсынылған кезде біз өзімізге «Ол бізге керек пе, басқа жобалардан айырмашылығы неде?» деген сұрақ қойдық. – деп еске алады Гүлжанат Асанқызы. – Талқылағанда біз мектептің орналасқан жерін, оқушылардың әлеуметтік жағдайын, тілді меңгеру деңгейін, әсіресе орыс тілін нөлден бастап үйренуге мұқтаждардың санын ескердік. Мектепте басқа елдерден – Қырғызстан, Түркия, Өзбекстаннан келген балалар бар. Олар орысша сөйлемейді, тіпті түсінбейді, сондықтан біздің міндет - осы жоба арқылы ауызша тілдесімді дамыту. Сондықтан біз Akelius жобасына кіруге шешім қабылдадық».
Осы жоба аясында топтар құру кезінде гимназия әкімшілігі мектептің мүмкіндіктерін және ең алдымен балалардың өздерінің қалауын ескерді. «Курстың тиімділігін бағалау әлі ерте» - деп есептейді Гүлжанат Әбдіраманова.
«Қазір жобаның тиімділігі туралы айту қиын, өйткені тоқсандар арасында балалар онлайн режимде оқыды. Әрбір жобаның мықты және әлсіз тұстары болады. Бірақ ұстаздарымыз аянбай еңбек етуде. Ең бастысы, оларда мотивация, тілек бар. Үмітіміз ақталады деп ойлаймын. Мұнда қиындықтардан қорықпау керек. Балалар енді орыс тілін жетік білуге мүмкіндігі бар екенін түсінуі керек. Өз еркімен оқығысы келетіндерге шын мәнінде көмектесеміз», - деп түйіндеді ол.
Елордалық №60 мектеп-лицейінің директоры Айман Дүйсенова «Akelius» жобасы туралы білген бойда бірден шетелдік балаларға орыс тілін үйретуге көмектескісі келді.
«Жобаның маңыздылығы Қазақстан тағы да әлемге өзінің толеранттылығы мен тарихи отанындағы мигранттарды қолдауға дайын екенін жариялауында. Бұл - еліміздің басты миссиясы», - деді ол. Айман Жұмағалиқызының айтуынша, топқа қабылдау білім беруді жаңғырту орталығы мәліметтері бойынша жүріп жатыр. Тізімдер мектептер бойынша көшіп-қонушылардың деректер базасы негізінде қалыптастырылады. Оның айтуынша, балалардың қалауы бойынша кез келген уақытта дайындық топтарына қабылданады. Ағайындылардың бірлескен қатысуы құпталады: тәжірибе көрсеткендей, балалар үшін бұл әдіспен оқу қызықтырақ.
«Бүгінгі таңда балалар А0 деңгейінен өтті. Олар А1 тапсырмалары бойынша дайындалады. Қысқа сөйлемдер арқылы өз ойларын жеткізе алады, сұрақтарға жауап береді, диалогқа қатысады, сөйлемдер құрастырады, суретті сюжеттер бойынша шағын әңгіме құрастыра алады. Әрбір жас ерекшелікті топтағы нәтиже жеке бақыланады. Балалардың белгілі бір жетістіктері бар. Мұғалімдердің еңбегі өнімді. Балалар оқуды жақсы көреді. Оқуға мотивация бар. Әр түрлі тапсырмаларды біріктіретін «Akelius» платформасының өзі жұмысқа үлкен көмек береді», - деп атап өтті Айман Жұмағалиқызы.
Сондай-ақ «Акелиус» жобасына Алматының үш мектебі мен Шымкенттің үш мектебі қатысады. Алматыдағы №78 мектеп-гимназиясының директоры Раушан Құжамбетова өзі жұмыс істейтін оқу орнының жобаға қалай қатысушы болғанын айтып берді.
«Біздің мектептің өзі орыстілді, балалардың барлығы орыс тілін жақсы біледі. Бірақ қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында ұстаздарымыз сабақ береді. Әр өңірден келген балалар сонда қалып, оқиды, кейбір мұғалімдеріміз өз сабақтарына барады», – деп түсіндірді Раушан Кәкенқызы.
Осы орталықта орыс тілі пәнінің мұғалімі Назгүл Каркимбаева бірнеше жылдан бері осындай балалармен жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, бұрын әріптестерімен бірге бағдарламаны өте аз білетін балаларды іріктеп отырған, бірақ Akelius платформасымен оларды оқыту әлдеқайда ыңғайлы.
«Біз «Акелиус» платформасымен танысқанға дейін-ақ орыс тілін өте нашар білетін балаларды өзіміз таңдап алып, оларға қосымша сабақ бердік, сөздерді меңгеруге көмектестік, сабақтан кейін қалдырдық. Бірақ платформамен танысқаннан кейін ол біз үшін әлдеқайда қызықты және оңайырақ болды. Бұл жұмыста бізге «Акелиус» платформасының көмегі зор», – дейді Назгүл Дүйсентайқызы.
Оның айтуынша, «Қолдау орталығында» бір ай және одан да көп уақыт қалған балалар сауат ашу курсына жіберіледі. Оқу бағдарламасы баланың тілді меңгерген деңгейінен басталады. Балалар кириллица әліпбиін білмесе, әріптерді үйренуден бастайды.
«Біз балаларға арнап оқу жоспарын құрастырамыз, қолмен көптеген визуализация жасаймыз. Балалардың өздері оларды жасауға қатысады - сурет салады, сөздердің атын өз қолдарымен жазады. Біз плакаттар мен қосымша материалдарды қолданамыз. Планшеттермен жұмыс істеу бізге үлкен көмек болды, мұнда көптеген түрлі сабақтар әзірленді. Біріншіден, бұл балалардың қызығушылығын арттырады, өзіне тартады. Екіншіден, сөздер мен сөз тіркестерін жақсы есте сақтауға және олармен сөйлем құрастыруға үйренуге мүмкіндік береді», - дейді Назгүл Дүйсентайқызы.
Мұғалім атап өткендей, орыс тілінің негіздері көптеген балаларға оңай беріледі: олар қазірдің өзінде сөйлей алады, сөйлем құрастырады және тіпті тұтас әңгімелер де құрайды. Сыныптағы сөйлесім тәжірибесіне баса назар аударылады: мұғалімдер оқушылармен әртүрлі сценарийлерді ойнайды, мысалы, ауруханада, дәрігерде, дүкенде, базарда, кітапханада менің отбасым, менің достарым және т.б. сияқты тақырыптарды талқылайды. Дегенмен, барлық балаларда жоғары нәтиже бола бермейді.
«Сабақтардан кейін балалардың барлығы орыс тілін меңгеріп кетеді деп айтуға болмайды. Бұл жағы қиын. Әсіресе, бұрын партада отырмаған, мектепке бармаған балалармен қиын. Дегенмен нәтижеміз бар. Бұл жоба, әсіресе, бізбен ұзақ уақыт – 3-6 ай тұратын балаларда жақсы нәтиже береді. Болу уақыты ұзаққа созылмайтын, атап айтқанда – бір жарым ай болатын балалар бар, олармен аз ғана материалдарды қарастырып үлгереміз. Соған қарамастан, балалардың жинақтаған біраз жаңа білімдері бар», - деп түйіндеді сөзін Назгүл Дүйсентайқызы.
«Akelius» жобасының екінші тоқсанға арналған жұмыс жоспары (2022 жылдың ақпан-сәуір айлары) аралас оқыту және оқушыларды бағалау бойынша тренингтерді, әдістемелік ұсыныстарды және оқу процесі мен оқыту нәтижелерін бақылау жүйесін әзірлеуді және басқа да бірқатар процестерді қамтиды. Жобаның соңына дейін (2023 жылдың ақпаны) 250 бала бұл курсты аяқтайды деп күтілуде.