2026 жылғы 31 наурыз бен 2 сәуір аралығында Алматы қаласында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ) базасында Erasmus+ KA2 Capacity Building жобасы аясында «Development of Innovative Graduate Educational Program in Cyber Security for Digital Labor Market of Central Asia» тақырыбында халықаралық воркшоп өтті.
Іс-шара цифрлық еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, киберқауіпсіздік саласындағы білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Воркшопқа Испания, Италия, Румыния, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен университеттер мен серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Орталық Азия жоғары оқу орындарында киберқауіпсіздік бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарлары қарастырылып, оқу курстарын әзірлеудің және оқыту әдістемелерінің заманауи тәсілдері талқыланды.
Ерекше назар келесі мәселелерге аударылды:
- жоба аясындағы аналитикалық зерттеулер нәтижелерін ұсыну;
- білім беру бағдарламаларын әзірлеудегі озық тәжірибелермен алмасу;
- қоғамдағы сұраныс пен хабардарлық деңгейін анықтауға бағытталған сауалнамалардың аралық нәтижелерін талқылау;
- жобаны одан әрі жүзеге асыру бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу.
Воркшоп қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы жұмыс кезеңдері бойынша ортақ көзқарасқа келіп, білім беру бағдарламаларын дамытудың басым бағыттарын айқындады және жобаны іске асырудың келесі қадамдарын келісті.
Бұл жобаны жүзеге асыру киберқауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлау сапасын арттыруға және цифрлық экономика талаптарына сай білім беру ортасын дамытуға ықпал етеді.





