ХАТУ-да Эдвайзерлер мен педагогикалық шеберлік Қысқы мектебі өтті
19.01.2026

2026 жылдың 14-16 қаңтар аралығында «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ-та Эдвайзерлер мен педагогикалық шеберлік Қысқы мектебі өтті.

Іс-шараның мақсаты - профессор-оқытушылар құрамының кәсіби, педагогикалық және цифрлық құзыреттерін дамыту, үздік тәжірибелермен алмасу және жоғары білім берудің заманауи жүйесіндегі өзекті сын-қатерлерді талқылау.

Қысқы мектептің ашылуында, қатысушыларды университеттің атқарушы төрағасы - ректор Колесникова К.В. қарсы алып, оқытушылардың үздіксіз кәсіби дамуы мен эдвайзерлердің студенттердің білім беру траекториясын қалыптастырудағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.


Қысқы мектептің бірінші күні аясында қатысушылар профессор-оқытушылар құрамының психологиялық әл-ауқаты, эмоционалдық күйзелістің алдын алу, білім беру ортасындағы заманауи әлеуметтік-психологиялық сын-қатерлер, сондай-ақ киберқылмыс мәселелері мен IT индустриясының түлектерге қоятын талаптары жөнінде пікір алмасты.

Екінші күннің бағдарламасы білім берудегі инновациялық тәсілдерге, оқу үдерісінде жасанды интеллектті қолдануға, зерттеушілік және командалық құзыреттерді қалыптастыруға, студенттердің академиялық және цифрлық дағдыларын дамытуға арналды. Әсіресе, оқытуда ЖИ құралдарын пайдалану, дербестендірілген білім беру модельдері және жасанды интеллектті гуманитарлық пәндерге интеграциялау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қысқы мектептің үшінші күні soft skills, эмоционалдық интеллект, оқытушының кәсіби этикасы мен корпоративтік мәдениетін дамыту, Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) академиялық үдеріске енгізу, сондай-ақ постиндустриялық қоғам жағдайында экономикалық және гуманитарлық пәндерді оқытудың заманауи тәсілдері қарастырылды.


Спикерлер ретінде ХАТУ-дың жетекші оқытушылары мен сарапшылары, сондай-ақ Satbayev University, ЮНЕСКО офисі, IT компаниялар және үкіметтік емес ұйымдардың шақырылған мамандары сөз сөйледі. Олардың қатарында психологтар, зерттеушілер, профессорлар, ассистент-профессорлар, IT бизнес және білім беру саласының өкілдері болды.

Қатысушылар заманауи педагогикалық тәсілдермен танысып, оқыту үдерісіне цифрлық және ЖИ құралдарын интеграциялау, кәсіби және коммуникативтік дағдыларды дамыту мәселелерін талқылауға, сондай-ақ оқытушылық қызметтің тиімділігін арттыру және пәнаралық өзара іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Қысқы мектеп университеттегі білім беру сапасын арттыруға бағытталған кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және жаңа шешімдер іздеу алаңына айналды.

«ХАТУ» АҚ педагогикалық әлеуетті дамыту және заманауи білім беру технологияларын енгізу бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда.

IMG_1983.JPG

DSC07284 (1).JPG

DSC06941.jpg

DSC07250.jpg

DSC08556.jpg

DSC07855.jpg

Версия сайта для слабовидящих