Акерке Абылайханқызының қала жастарымен ашық диалог форматындағы кездесуі өтті
05.03.2026

Алматы қаласында 20 жоғары оқу орнынан жиналған 300-ге жуық белсенді студенттің қатысуымен «Жастар – ел болашағы» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Аталған кездесуге Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті белсенді жастары да қатысып, пікір алмасуға өз үлестерін қосты.


Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайханқызы қатысуымен ашық диалог форматында өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – референдумның стратегиялық мәні мен құқықтық табиғатын талқылау, оның ел дамуы мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін айқындау болды. Сонымен қатар, жастардың саяси мәдениетін арттыру, азаматтық жауапкершілігін нығайту және шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысу тетіктері кеңінен қарастырылды.

Кездесу барысында Акерке Абылайханқызы жастардың әлеуетін қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып, жас буынды ел болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жастардың жанашыры ретінде ол студенттердің бастамалары әрдайым қолдау табатынын атап өтті.

Шара аясында қаланың үздік белсенді студенттері Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – жастардың қоғамдық белсенділігі мен әлеуметтік бастамаларына берілген жоғары баға.

Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті атынан Акерке Абылайханқызына жастар саясатына айрықша көңіл бөліп, студенттермен ашық әрі мазмұнды диалог орнатқаны үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, жастар бастамаларын жүйелі түрде қолдап, белсенді студенттердің еңбегін жоғары бағалағаны үшін Саясат Нұрбек мырзаға ризашылығымызды жеткіземіз.

Мұндай кездесулер мемлекет пен жастар арасындағы өзара сенімді нығайтып, ел болашағына жауапты, белсенді әрі саналы ұрпақ қалыптастыруға ықпал етеді.

IMG_3864.JPG

IMG_3865.JPG

IMG_3866.JPG

Версия сайта для слабовидящих