Алматыдан Европаға ұласқан халықаралық медиамектеп
01.06.2026

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде халықаралық академиялық ынтымақтастық пен тәжірибеге бағытталған білім беру жалғасып жатыр. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – IITU журналистика факультетінің студенттері, оқытушылары және шетел серіктестерін біріктіретін жыл сайынғы халықаралық медиамектеп.


2026 жылғы 20 ақпан мен 6 наурыз аралығында ХАТУ студенттері мен оқытушылары Польша Республикасының Познань қаласында орналасқан Адам Мицкевич атындағы университет базасында өткен қысқы халықаралық медиамектепке қатысты. Жоба академиялық оқыту мен кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталды.


Оған 12 студент пен Медиакоммуникация және Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар Познань, Варшава, Гданьск, Вроцлав және Краков қалаларында болды. Еуропалық білім берумен, Польша елінің мәдени мұрасымен және медиадағы білім беруді дамытудың заманауи тәсілдерімен танысты.


Медиамектеп бағдарламасында академиялық дәрістер мен кәсіби пікірталастарға ерекше назар аударылды. Қатысушылар үшін IITU журналистика факультетінің оқытушылары А. Аскарбекқызы, С. Әшенова және Л. Тұңғатарова дәріс оқыды.


Ниязғұлова Айгүл Асқарбекқызы 2022–2026 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының саяси жүйесі мен білім беру саясатының трансформациясы тақырыбын тарқатты. Баяндама барысында негізгі конституциялық реформа, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы, білім беру саласын цифрландыру, халықаралық университет филиалдарын дамыту, ғылым мен медиа білім беруді мемлекеттік қолдау мәселелері, цифрлық журналистика мен медиакоммуникациялар саласындағы мамандарды даярлаудағы IITU-дың рөлі жан-жақты баяндалды. Сонымен қатар медиа сауаттылықты дамыту, білім беру бағдарламаларына ЖИ технологияларын енгізу, цифрлық дәуір журналистерінің жаңа буынын даярлау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.С. Әшенова мен Л. Тұңғатарова да журналистиканың заманауи үрдістері, халықаралық коммуникация, медиамәдениет және цифрлық медианың дамуы тақырыптарына арналған дәрістер өткізді.


Халықаралық медиамектеп бұған дейін Алматы мен Познань қалаларында өтті. Алдағы уақытта жобаны одан әрі кеңейту жоспарланып жатыр. Келесі медиамектеп Еуропа, АҚШ және Орталық Азия елдерінің университеттерімен бірлесіп ұйымдастырылады.


Бүгінде IITU Халықаралық медиамектебі академиялық ұтқырлықты дамытуға, болашақ журналистердің кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған білім беру платформасы ретінде қалыптасып келеді. Осындай жобаларға қатысу журналистика факультетінің студенттеріне бірегей халықаралық тәжірибе жинақтауға, кәсіби қабілеттерін дамытуға және жаһандық медиа кеңістікте сұранысқа ие маман болуға мүмкіндік береді.

IMG_3861.jpg

IMG_3934.jpg

IMG_4465.jpg

Версия сайта для слабовидящих