Алматы. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) SUSE академиялық бағдарламасына ресми түрде қосылып, Қазақстандағы алғашқы серіктес жоғары оқу орындарының бірі болды. SUSE - инновациялық, сенімді және корпоративтік деңгейдегі open source шешімдерінің әлемдік көшбасшысы.
Ынтымақтастық аясында IITU оқу бағдарламасына SUSE кәсіби курстары мен халықаралық сертификаттау тректерін енгізеді. Бұл студенттерге Linux жүйелерін әкімшілендіру және заманауи бұлттық технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Алғашқы енгізілетін курстар:
- SUSE Certified Administrator (SCA) in SUSE Linux Enterprise Server 15
- SUSE Certified Administrator (SCA) in SUSE Rancher Manager 2.7 және 2.8 for Rancher Prime
Бағдарламаға қатысу арқылы IITU студенттері әлемдік деңгейдегі оқу ресурстарына, халықаралық сертификаттарға және кәсіпорындарда кеңінен қолданылатын open source технологиялары бойынша тәжірибелік дайындыққа қол жеткізеді. Бұл бастама академиялық білім мен индустрия сұранысының арасындағы алшақтықты азайтып, түлектерді IT-инфрақұрылым, DevOps және бұлттық есептеулер саласындағы табысты мансапқа дайындауға бағытталған.
IITU-дың Киберқауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі Дамеля Ескендирова серіктестіктің маңыздылығын атап өтті:
«SUSE академиялық бағдарламасына қосылу арқылы IITU студенттерге заманауи білім мен практикалық дағдылар беруге бағытталған миссиясын нығайтады. Бұл сертификаттар түлектеріміздің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, Қазақстан мен Орталық Азиядағы open source саласының дамуына да үлес қосады».
SUSE академиялық бағдарламасының жаһандық менеджері Сесар Эррера(Cesar Herrera) өз пікірін білдірді:
«IITU-мен серіктестік орнатып, SUSE бағдарламасын Қазақстанда кеңейтуге қуаныштымыз. Бұл open source және бұлттық технологиялар саласындағы кадр тапшылығын азайтуға жасалған маңызды қадам. Курстарымыз бен сертификаттарымызды оқу процесіне енгізу арқылы IITU студенттеріне бүгінгі қарқынды дамып жатқан IT саласында табысқа жету үшін қажет тәжірибелік білім береді».