"Заң мен тәртіп" қағидатын ілгерілету аясында және Алматы қаласы Қоғамдық даму орталығының қолдауымен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Жеке бостандық құқығы: құқықтық негіздері және зорлық-зомбылық, сталкинг пен некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілік» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.
Іс-шараға прокуратура органдарының қызметкерлері, адвокаттар қауымдастығының өкілдері және заң саласының мамандары спикер ретінде қатысып, өзекті құқықтық мәселелер төңірегінде мазмұнды ақпараттарымен бөлісті.
Кездесудің негізгі мақсаты - студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, жеке бостандық ұғымының құқықтық негіздерін түсіндіру, сондай-ақ зорлық-зомбылық, сталкинг және некеге мәжбүрлеу сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алу және олар үшін көзделген заң алдындағы жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндіру болды.
Іс-шара барысында спикерлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері, құқық бұзушылықтың салдары және алдын алу шаралары жөнінде кеңінен баяндады. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Шара соңында қатысушылар құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, студент жастарға заңды құрметтеу мен жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қараудың қажеттілігі айтылды.




