2026 жылғы 11 маусымда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде студенттер мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Есірткі – қайтар жолы жоқ сапар» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру, есірткі заттарының зардаптарын түсіндіру және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Кездесудің басты спикері ретінде шақырылған білікті маман Ельшибаев Азиз Бахытжанұлы студенттерге мазмұнды дәріс оқыды. Баяндама барысында нашақорлықтың тек жеке адамның денсаулығын құртып қоймай, тұтас қоғамның тұрақтылығына, мемлекеттің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретін жаһандық мәселе екені ерекше атап өтілді. Спикер есірткі заттарын қолданудың адамның жүйке жүйесіне, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін жойқын зардаптарын нақты мысалдармен, медициналық фактілермен дәлелдеп жеткізді.
Дәріс барысында психологиялық тәуелділіктің алғашқы белгілері, заңсыз айналымға қатысқаны үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік пен жастардың болашағына келетін нұқсан кеңінен талқыланды. Спикер қазіргі таңда синтетикалық есірткілердің таралу жылдамдығы мен олардың жас ағзаны тез уландыратын қаупіне тоқталып, студенттерді кез келген күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға шақырды.
Жиын соңында студенттер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, маманнан тұщымды жауаптар алды. Спикер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға және саналы таңдау жасау арқылы жарқын болашақ қалыптастыруға шақырды. ХАТУ әкімшілігі студенттердің қауіпсіздігі мен құқықтық тәрбиесіне бағытталған осы секілді алдын алу шараларын жүйелі түрде өткізуді жалғастыра бермек.



