«Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ (IITU) ASIIN (Германия) агенттігінің институционалдық қайта аккредитациясынан сәтті өтті
16.07.2025

«Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ (IITU) білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша елеулі жетістікке қол жеткізді. 2025 жылдың 27 маусымындағы ASIIN аккредитациялық комиссиясының шешімі негізінде университет институционалдық қайта аккредитациядан сәтті өтіп, академиялық басқару мен білім беру сапасына қойылатын барлық халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін жоғары оқу орны ретінде танылды.


Қазақстандағы алғашқы аккредитацияланған ЖОО
IITU институционалдық аккредитацияны алғаш рет 2019 жылғы наурызда (Қазақстанда алғашқылардың бірі болып) алған болатын.

Халықаралық деңгейдегі мойындау

ASIIN (Akkreditierungsagentur für Studiengänge der Ingenieurwissenschaften, der Informatik, der Naturwissenschaften und der Mathematik) — инженерлік, ақпараттық технологиялар, жаратылыстану және математика саласындағы білім беру бағдарламаларын аккредитациялауға маманданған Еуропадағы жетекші агенттіктердің бірі. Агенттік ENQA (Еуропалық сапаны қамтамасыз ету агенттіктері қауымдастығы) ұйымының толыққанды мүшесі және EQAR (Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі еуропалық тізілім) реестріне енгізілген.


Институционалдық аккредитация IITU-дың келесі бағыттар бойынша халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайды:

  • Академиялық басқару және даму стратегиясы
  • Білім беру сапасын ішкі қамтамасыз ету жүйелері
  • Студентке бағытталған оқыту және адами капиталды дамыту
  • Әкімшілік тиімділік және цифрлық трансформация
  • Халықаралық серіктестік және тұрақты даму стратегиясы

ASIIN шешімі: халықаралық талаптарға толық сәйкестік

2025 жылдың 27 маусымындағы ресми шешімінде ASIIN аккредитациялық комиссиясы IITU университетінің сапалы оқыту мен білім беруді қамтамасыз етуге қажетті институционалдық және рәсімдік критерийлерге толық сәйкес келетінін, сондай-ақ ішкі сапа менеджментінің жетілген жүйесін қалыптастырғанын ресми түрде мойындады.


Аккредитацияның қолданылу мерзімі

Институционалдық аккредитацияның мерзімі 2031 жылдың 30 қыркүйегіне дейін белгіленді. Бұл – университеттің цифрлық құзыреттердің ұлттық орталығы және халықаралық білім беру хабы ретінде одан әрі дамуына стратегиялық серпін беретін маңызды кезең.


Университет басшылығының пікірі

«ASIIN агенттігінен институционалдық қайта аккредитация алу – бұл көпжылдық командалық еңбектің және жоғары білім беру стандарттарына адалдықтың нәтижесі. Біз барлық студенттерімізге, оқытушыларымызға және серіктестерімізге университеттің дамуына қосқан зор үлестері үшін алғыс білдіреміз. Бұл жетістік – тек қол жеткен межені мойындау ғана емес, сонымен қатар IT білім беру саласындағы одан әрі өсу мен инновацияларға серпін»,
— деп атап өтті IITU Басқарма Төрағасы – Ректор Асылбек Исахов.

IITU туралы

«Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ (IITU) – цифрлық технологиялар саласындағы жетекші жоғары оқу орны, 2009 жылы Алматы қаласында құрылған. Университет ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік, деректер инженериясы, цифрлық экономика және телекоммуникациялар бағыттары бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын ұсынады.
IITU әлемдік IT-компаниялармен және шетелдік университеттермен белсенді түрде әріптестік орнатып келеді.


ASIIN институционалдық аккредитациясының маңызы

  1. Халықаралық мойындау
    ASIIN институционалдық аккредитациясы университеттің еуропалық және жаһандық сапа стандарттарына сәйкес келетінін халықаралық серіктестер мен талапкерлерге дәлелдейді.
  2. Басқару үдерістерін жетілдіру
    Аккредитация стратегиялық жоспарлау, сапаны қамтамасыз ету, академиялық үлгерімді бақылау және студенттерге кәсіби бағыт-бағдар беру секілді ішкі үдерістерді жүйелеуге және дамытуға ықпал етеді.
  3. Академиялық беделдің артуы
    ASIIN аккредитациясы бар университеттер тұрақты дамуға, ашықтыққа және инновацияларға бағдарланған беделді мекеме ретінде танылады.
  4. Студенттер мен оқытушылар үшін тартымдылықтың артуы
    Халықаралық аккредитация білім сапасына және дипломдардың мойындалуына кепілдік болғандықтан, шетелдік студенттер мен оқытушылар осындай университеттерді көбірек таңдайды.
  5. Академиялық ұтқырлықтың жеңілдеуі
    ASIIN аккредитациясы курстар мен дипломдардың ЕО елдерінде және Болон процесіне қатысушы мемлекеттерде танылуын жеңілдетеді.

Бүгінде Қазақстанда ASIIN институционалдық аккредитациясына ие тек екі жоғары оқу орны бар:
— «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ (IITU)
— «Алматы технологиялық университеті» АҚ

ASIIN агенттігі туралы

ASIIN – инженерлік, техникалық, IT, математикалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша білім беру бағдарламаларын аккредитациялауға маманданған неміс агенттігі. Ол Еуропадағы ең беделді аккредитациялық құрылымдардың бірі болып саналады.


ASIIN институционалдық аккредитациясы дегеніміз не?

Институционалдық аккредитация – бұл университеттің жекелеген білім беру бағдарламаларын емес, бүкіл сапа менеджменті жүйесін кешенді түрде бағалаудың түрі. Ол мыналарды қамтиды:

  • Университеттің даму стратегиясын талдау
  • Білім беру сапасын қамтамасыз ету ішкі жүйелерін тексеру
  • Ұйымдық құрылым, басқару, халықаралық қызмет және қаржылық тұрақтылықты бағалау
  • Студенттер, оқытушылар және әкімшілік қызметкерлердің пікірін ескере отырып, сыртқы сарапшыларды тарту

Программалық және институционалдық аккредитацияның айырмашылығы

  • Программалық аккредитация – нақты бір немесе бірнеше білім беру бағдарламасын бағалау.
  • Институционалдық аккредитация – бүкіл университеттің, оның білім беру, әкімшілік және басқару жүйелерінің сапасын бағалау.
Версия сайта для слабовидящих