Red Hat, Inc. — бұл ашық бастапқы кодты шешімдер бойынша әлемдік жетекші компания. Ол сенімді, жоғары өнімді әрі қауіпсіз технологияларды әзірлейді, оның ішінде Red Hat Enterprise Linux операциялық жүйесі, Kubernetes платформалары, бұлттық есептеулер мен автоматтандыру саласындағы шешімдер бар. Red Hat компаниясы жаһандық қауымдастықтармен тығыз жұмыс істей отырып, инновацияларды қолдап, біліммен бөлісіп, ашық кодты технологиялардың дамуына үлес қосуда.
Red Hat Academy (RHA) — бұл студенттерді нақты ІТ және DevOps салаларындағы еңбек нарығына дайындауға бағытталған Red Hat компаниясының білім беру бастамасы. Академияларға авторландырылған курстар, зертханалық тапсырмалар, емтихан материалдары және оқу басқару жүйелеріне қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Бағдарлама келесі бағыттарды қамтиды: Linux жүйелік әкімшілігі, Ansible арқылы автоматтандыру, контейнерлеу және Kubernetes-пен жұмыс.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі академиялармен серіктестік орната отырып, Red Hat болашақ ІТ-мамандарынан тұратын қауымдастық құрып келеді. Бұл студенттер заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық білім мен дағдыларға ие болады.
ХАТУ — Орталық Азиядағы жетекші ІТ жоғары оқу орындарының бірі — Red Hat Academy бағдарламасына қосылып, студенттерге ашық технологиялар мен жүйелік әкімшілік ету салаларында білім алуға кең мүмкіндік ашты. Қысқа уақыт ішінде ХАТУ елеулі нәтижелерге қол жеткізді: ондаған студент оқудан өтті, хакатондар ұйымдастырылды, Red Hat сертификаттарын сәтті қорғаған мамандар даярланды.
2023 жылы Red Hat университеттің осы саладағы үлесін жоғары бағалап, ХАТУ-ды “Red Hat Academy of the Year in Europe & CIS 2023” марапатымен атап өтті. Бұл — Red Hat технологияларын білім беру үдерісіне сапалы енгізудің және оқытудың жоғары деңгейінің ресми мойындалуы. Марапат туралы толығырақ ақпаратты Red Hat ресми парақшасынан табуға болады.
2025 жылы ХАТУ өз саласындағы көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді — университетке Red Hat Academy Premier Partner 2025 мәртебесі берілді. Бұл мәртебе бүкіл әлемдегі санаулы ғана академияларға тұрақты дамуы, академиялық сапасы және ашық бағдарламалық қамтамасыз ету қауымдастығына қосқан үлесі үшін табысталады.
Аталған мәртебе Red Hat компаниясының Ғаламдық білім беру қызметтері директоры Тарик Фазал қол қойған ресми сертификатпен расталған.