1 тамыз күні Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) алаңында «Almaty Hub» - Автономды кластерлік қордың Алматы қаласы бойынша филиалымен өзара түсіністік туралы Меморандумға ресми түрде қол қойылды.
Іс-шараға екі тараптың басшылық өкілдері қатысты. Almaty Hub тарапынан Бас директор Ержан Тасмухан бастаған делегация келсе, ХАТУ тарапынан Басқарма төрағасы – Ректор Асылбек Исахов бастаған университет ұжымы қарсы алды.
Құжаттың мақсаты - робототехника, 3D-баспа, ұшқышсыз аппараттар, ғарыштық технологиялар, ESG және IT-инновациялар салаларында бірлескен жобаларды дамыту, стартаптарды қолдау, сондай-ақ білім беру және кадр даярлау саласындағы бастамаларды жүзеге асыру.
Меморандум аясында тараптар келесі бағыттар бойынша ынтымақтастықты көздейді:
- студенттер мен жас мамандарға тағылымдамалар мен жобалық практикаларды ұйымдастыру;
- ғылыми-зерттеу жобалары мен білім беру бағдарламаларын іске асыру;
- ESG қағидаларын стартаптар мен технологиялық компаниялар арасында ілгерілету;
- индустриялық серіктестермен бірлескен акселерациялық бағдарламаларды дамыту.
Сонымен қатар, ХАТУ ресми түрде Алматы қаласындағы ЖОО-лар арасында бизнес-инкубация және акселерация орталығы (hub) ретінде таныстырылды. Университет өз базасында студенттік стартаптарды дамытуға арналған экожүйе, әдістемелік құралдар және үйлестіруші платформа ұсынатын болады.
Бұл кездесу екі ұйым арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің бастауы ретінде қарастырылып, тараптар нақты жобалар аясында тығыз жұмыс істеуге келісті.
Анықтама үшін:
Almaty Hub - технологиялық кәсіпкерлік пен білім беру салаларындағы жобаларды қолдауға бағытталған қалалық инновациялық даму орталығы.