IITU және YaLong ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
18.03.2025

Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) және Қытайдың жетекші робототехника өндірушісі «Yalong Intelligent Equipment Group Co., Ltd» компаниясы ресми серіктес атанды.


Ынтымақтастық туралы меморандумға IITU Басқарма Төрағасы – Ректоры Асылбек Исахов пен компанияның Бас директоры Chen Jiquan қол қойды. Құжатқа Қытайға жасаған ресми сапары барысында IITU делегациясы мен «Yalong Intelligent Equipment Group Co., Ltd» басшылығының кездесуі аясында қол қойылды.


Кездесу барысында тараптар зерттеу және білім беру саласындағы серіктестікті дамыту, бірлескен мамандар даярлау, IТ-жобаларды іске асыру және жасанды интеллектті қолдану мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, жақын болашақта IITU базасында заманауи робототехника зертханасын ашу және YaLong компаниясының студенттерге арналған ғылыми-техникалық байқауларды ұйымдастыруға қатысуы туралы келісімге қол жеткізілді.


YaLong компаниясы интеллектуалды шешімдер мен жабдықтар, бағдарламалық қамтамасыз ету және робототехника өндірісімен айналысады. Сонымен қатар, компания интеллектуалды оқу жабдықтарын, соның ішінде робототехникалық модульдерді шығарады, онлайн және офлайн оқытуды жүргізеді, жоғары оқу орындары, кәсіби колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған оқу бағдарламалары бойынша кеңес беру қызметтерін ұсынады.


Версия сайта для слабовидящих