IITU Erasmus+ бағдарламасы аясында Cyber4CA жобасы бойынша грант жеңіп алды
15.07.2025

Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) Erasmus+ бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын Cyber4CA (Cybersecurity for Central Asia) халықаралық жобасына қатысушы атанды. Жоба аясында университет Еуропа мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарынан құралған консорциум құрамына еніп, Еуропалық комиссияның грантын иеленді. Жобаның грант иесі - Ташкент ақпараттық технологиялар университеті (Өзбекстан), ал IITU атынан п.ғ.д. Закирова Гүлмира Демешевна жоба үйлестірушісі болып тағайындалды.


Жобаның ұзақтығы - үш жыл, негізгі мақсаты - киберқауіпсіздік саласындағы білім беру бағдарламаларын жаңғырту. Жоба аясында еуропалық стандарттарға сәйкес оқу жоспарларын жаңарту, жаңа пәндерді енгізу, оқытушылардың біліктілігін арттыру және заманауи оқу инфрақұрылымын қалыптастыру жоспарлануда. Бұл жоба өңір университеттеріне технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде цифрлық қауіпсіздік мәселелерін шеше алатын білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.


IITU-дың Cyber4CA жобасына қатысуы - халықаралық ынтымақтастықты нығайту және білім беру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам. Жоба университеттің академиялық әлеуетін дамытуға және шетелдік серіктестермен тұрақты байланыстар орнатуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Версия сайта для слабовидящих