Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай IITU университетінде студенттер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Шара «Парасатты ұрпақ үшін» қоғамдық қорының қолдауымен және «Алматы – адалдық алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған «Ел-бірлігі» республикалық қоғамдық ұйымы, «Адам және құқық» медиаторлар мен юристтер одағы және «Жаңару» қозғалысының өкілдері қатысты.
Шара барысында спикерлер қоғамдық ұйымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі маңызды рөлі туралы сөз қозғап, жастарды осы күреске тартудың маңыздылығын атап өтті. «Алматы – адалдық алаңы» жобалық офисінің басшысы Марат Калимолдин сыбайлас жемқорлықтың еліміздің дамуына кедергі келтіретін ауыр проблема екенін, оның экономика мен қоғамға үлкен зиян тигізетінін және оған бірігіп қарсы тұру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, болашақ маман ретінде жастармен, әсіресе студенттермен жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
Студенттермен өткен сұхбат барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ақпараттық технологиялардың белсенді қолданылып жатқаны және олардың осы мәселеге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік беретіндігі атап өтілді. Сондықтан ақпараттық технологиялар саласының болашақ мамандары – IITU студенттері академиялық адалдықты сақтап, адамгершілік құндылықтарға негізделіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсене қатысуы тиіс екендігі айтылды.