Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы: Университет қызметінің негізгі көрсеткіштері талқыланды
13.12.2024

2024 жылғы 12 желтоқсанда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде кеңейтілген Ғылыми кеңес отырысы өтті. Іс-шара барысында Басқарма Төрағасы – Ректор Асылбек Абдиашимович Исахов 100 күндік жұмысының қорытындысы бойынша есеп беріп, университеттің басты жетістіктері мен алдағы стратегиялық даму бағыттарын атап өтті.


Академиялық қызмет бағытында білім беру бағдарламаларын оңтайландыру, аккредитациядан өту және оқыту сапасын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Заманауи стандарттарды енгізу және аккредитациялық органдардың ұсынымдарын қолдану университеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіленген.


Университет халықаралық білім беру кеңістігінде беделді орынға ие болуды стратегиялық мақсат етіп қойды. Осы бағытта Германияның HOF университеті мен Италияның Генуя университеті сияқты жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыстар нығайтылуда. Қос дипломды бағдарламаларды дамыту және академиялық ұтқырлықты кеңейту арқылы студенттерге жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект саласындағы жаһандық өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа ғылыми және білім беру жобалары бойынша келіссөздер қарқынды жүргізілуде.


Университет ғылым саласында халықаралық және ұлттық гранттық конкурстарға қатысуды басты назарға алып отыр. Инновациялық шешімдерді әзірлеу және ғылыми жарияланымдардың белсенділігін арттыру жұмыстары ерекше назарда.

Университеттің цифрлық трансформациясы негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылады. Бизнес-процестерді автоматтандыру, биометриялық жүйелерді енгізу және басқа да заманауи технологияларды қолдану оқу ортасын заманауи әрі ыңғайлы етуге бағытталған.

Сонымен қатар, студенттерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, психологиялық қолдау көрсету ауқымы кеңейтілуде, спорттық және мәдени бастамалар да белсенді түрде дамытылуда. Бұл бағыттар үйлесімді және қолайлы білім беру ортасын қалыптастырудың негізгі элементтері ретінде бағаланады.

Елеулі бастамалардың бірі ретінде «Байзак» бизнес орталығы ғимаратының сатып алынуын атап өтуге болады. Бұл университеттің әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта басты міндеттердің бірі – ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету. Мұның барлығы студенттер мен қызметкерлер үшін қолайлы әрі заманауи жағдайлар жасауға бағытталған.


Есеп беру аяқталған соң сұрақ-жауап сессиясы өтті. Оқытушылардың қойған сұрақтары жас мамандарды әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым және техникалық мәселелерді қамтыды. Сонымен қатар, цифрландыру, Face-ID жүйесінің тиімділігін арттыру және электрондық құжат айналымына көшу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Асылбек Абдиашимович барлық сұрақтарға жауап беріп, тиісті проректорларға тапсырды. Сондай-ақ, университет басшылығы мен оқытушылар арасындағы сенімді нығайту мақсатында көктемгі семестрден бастап тұрақты кездесулер өткізілетінін жеткізді.


Қорытынды сөзінде Асылбек Абдиашимович университет ұжымы мен студенттердің бірлескен еңбегі Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін еліміздегі ең үздік жоғары оқу орнына айналдыруға бағытталғанын атап өтті.

Description of the image
Версия сайта для слабовидящих