Университетте алғаш рет «Freshman Talents IITU 2025» шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты — бірінші курс студенттерінің шығармашылық әлеуетін ашу, оларды белсенді студенттік өмірге тарту және жас таланттарды қолдау. Қатысушыларды құттықтау сөзін Атқарушы Төраға – Ректордың міндетін атқарушы Катерина Колесникова жолдады.
Байқау бағдарламасы вокал, би, театр өнері, инструменталдық орындау және мобилография бағыттарындағы түрлі өнер көрсетілімдерін қамтыды. Факультет студенттері сахнада жоғары деңгейдегі дайындықтарын, әсерлі билерін, актерлік шеберлігін, әсем дауыстарын және музыкалық аспаптарда шебер ойнау қабілеттерін көрсетті.
Қазылар алқасы студенттердің өнер көрсету сапасын, техникалық дайындығын және шығармашылық нөмірлерінің ерекшелігін бағалады. Байқау қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесін «Бизнес, медиа және басқару» факультеті жеңіп алып, оның өкілдеріне кубок пен диплом табысталды. «Үздік дебют» номинациясы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби композиция орындаған шетелдік студенттер тобына берілді. «Көрермендер көзайымы» жүлдесін ФКТК-ның вокалды аспаптар ансамбльі иеленді, ал вокал мен аспапта орындау номинацияларының жеңімпаздары IITU Түлектер Ассоциациясының арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, байқауға дайындық барысында қолдау көрсеткен жоғары курс студенттері – тәлімгерлерге алғыс хаттар мен имидждік сыйлықтар табысталды.
Биыл алғаш рет қолға алынған «Freshman Talents» байқауы университеттегі жаңа дәстүрге айналып, студенттердің зор қызығушылығын тудырды. Марапаттау рәсімінде университет басшылығы мен ұйымдастырушылар қазылар алқасына, тәлімгерлерге және барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.




