2025 жылғы 1 ақпанда Алматы қаласында «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ-да (ХАТУ) оқу семинары өтті. Іс-шара Халықаралық ғарыштық байланыс ұйымы (МОКС) «Интерспутник» бастамасымен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ-мен серіктестікте, Халықаралық электр байланыс одағының (ХЭО) қолдауымен ұйымдастырылды. Семинарға ғарыштық технологияларды дамытуға қызығушылық танытқан жетекші мамандар, сарапшылар, студенттер мен жас ғалымдар қатысты.
Ашылу рәсімінде ғарыш саласының негізгі өкілдері құттықтау сөз сөйледі:
- Дамир Ерланұлы Сейсембеков, Байланыс комитетінің төрағасы, ғарыштық технологиялар саласындағы өзекті мәселелерді талқылаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық ғарыштық қызметке қосқан үлесін ерекше көрсетті.
- Ксения Юрьевна Дроздова, МОКС «Интерспутник» бас директоры, спутниктік технологиялардың әрі қарай дамуы мен халықаралық ынтымақтастықтың болашағына сенім білдірді.
- Асылбек Абдиашимович Исахов, «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ Басқарма Төрағасы – Ректоры, ғарыш саласына мамандар даярлау мақсатында білім беру бастамаларының маңыздылығын атап өтті.
- Марио Маневич, Халықаралық электр байланыс одағының Радиобайланыс бюросының директоры, ғарыштық зерттеулер мен технологияларда радиобайланысты пайдаланудың маңыздылығына назар аударды.
- Наталья Вячеславовна Мочу, Халықаралық электр байланыс одағының ТМД өңірі бойынша аймақтық директоры, ғарыш саласының тұрақты дамуы үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Семинар аясында ғарыштық технологиялар мен инновацияларды дамыту, аэроғарыштық зерттеулер саласындағы елдер арасындағы ынтымақтастықтың келешегі, ғарыштық технологиялардың экономиканың түрлі секторларына әсері, сондай-ақ спутниктік технологияларды әртүрлі салаларда қолдану мәселелері талқыланды.
Бұл іс-шара Қазақстанның әлемдік ғарыш қауымдастығына кірігуі мен елдің инновациялар және жоғары технологиялар саласындағы ұстанымын нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, ғарыш саласының даму перспективаларын талқылап, әрі қарайғы ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндік алды.
Семинар кең қызығушылық тудырып, ғарыштық зерттеулердің жаһандық даму болашағы үшін маңыздылығы мен әлеуетін айқын көрсетті.
