Қытайға сапар барысында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) мен Northwestern Polytechnical University (NPU) өкілдерінің маңызды әрі нәтижелі кездесуі өтті. Кездесу барысында студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, бірлескен ғылыми жобалар, магистратура бағдарламаларын бірлесе жүзеге асыру, сондай-ақ NPU-дің Қазақстандағы филиалымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
IITU Қытай мен Қазақстанның жетекші университеттері кіретін Элиталық университеттер альянсына қосылу туралы ұсыныс алды. Бұл альянсқа мүше болу – бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, студенттер мен оқытушылар алмасуға, сондай-ақ инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мол мүмкіндік береді. Бұл серіктестік озық тәжірибеге қол жеткізуге, халықаралық байланыстарды кеңейтуге және біздің білім беру және ғылыми бастамаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
NPU – Қытайдың жетекші техникалық университеттерінің бірі. Ол аэроғарыштық инженерия, автоматика, ақпараттық технологиялар және материалтану салаларындағы озық ғылыми зерттеулерімен танымал. Университет Қытайдағы ең үздік 50 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және ғылыми жетістіктері мен академиялық деңгейі бойынша жоғары бағаланады. NPU халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, әлемдегі университеттермен және ғылыми мекемелермен серіктестік орнатуға ұмтылады, бұл білім мен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Университет QS World University Rankings 2025 рейтингінде 547-орынды иеленеді.
IITU мен NPU арасындағы ынтымақтастық стратегиялық маңызға ие және екі университеттің студенттері мен оқытушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл серіктестік бірлескен ғылыми зерттеулер мен технологиялық инновацияларды дамытуға серпін береді. Ынтымақтастық аясында оқу және ғылыми материалдармен алмасу, бірлескен жобаларға қатысу, сондай-ақ студенттерге арналған тағылымдамалар ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге бағытталған бастамаларды іске асыру көзделіп отыр, бұл IITU және NPU студенттеріне халықаралық білім беру ортасында бірегей тәжірибе алуға мүмкіндік береді.
