Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры лауазымына есептеу теориясы саласындағы математика бойынша PhD докторы, “Компьютерлік ғылымдар және информатика”бағыты бойынша қауымдастырылған профессор Исахов Асылбек Абдиашимұлы тағайындалды.
Асылбек Абдиашимұлы жоғары білімін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде математика бакалавр дәрежесі бойынша білім алған. Ал 2015 жылы Германиядағы Гейдельберг университетімен бірге PhD бағдарламасын сәтті аяқтады.
Өз мансабын 2005 жылы №173 физика-математика лицейінде оқытушы, олимпиада резервінің басшысы болып бастаған. 2010-2017 жылдар аралығында ҚазҰУ-да механика-математика факультетінің іргелі математика кафедрасында ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент а.д. болып жұмыс істеді. 2017 - 2023 жылдары ҚБТУ қолданбалы математика мектебінің қауымдастырылған профессоры және деканы лауазымдарын атқарды. 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Халықаралық математикалық олимпиадаларда (IMO, BMO) Қазақстан құрамасының басшысы болып табылады. Соңғы уақытқа дейін Қазақ-Британ техникалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры қызметін атқарды (2023-2024 жж.).
Асылбек Исахов ғылым мен білімге елеулі үлес қосты, “ЖОО-ның үздік оқытушысы” (2020) және “Қазақстанның дарынды жас ғалымы” (2018, 2023) атақтарымен қоса, көптеген марапаттарға ие.
Асылбек Абдиашимұлын жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз және университетіміз жаңа жетістіктерге жететініне сенеміз!