Жаһандық цифрландырудың маңызды мәселелерінің бірі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық электр байланысы одағының (БҰҰ ХЭБО) жаһандық киберқауіпсіздік индексінде (ЖКИ) Қазақстан өз деңгейін жылдам арттырды. ЖКИ индикаторлары бойынша жетістік деңгейін арттыру Қазақстанға БҰҰ ХЭБО сарапшылары жүргізген талдау бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге және ЖКИ-де Қазақстан Республикасын 9 позицияға көтеріп, қазіргі уақытта 31-ші (бұрын 40-шы) орында орналасуға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №269 қаулысымен бекітілген цифрлық трансформация, АКТ саласын және киберқауіпсіздікті дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдамада елдің киберқауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қосымша шаралар регламенттелген, атап айтқанда техникалық қорғау, радио бақылауды жетілдіру, дербес деректерді қорғау және халықтың хабардарлығын арттыру жөніндегі іс-шаралар көзделген. .
2023 жылғы 11 желтоқсанда Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң дербес деректерді қорғауды күшейтуге және ақпараттандыру объектілерінің, оның ішінде мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін айқындауға бағытталған.