IITU сениор-лекторы Шакірт Макиленов АҚШ-та «Болашақ» ғылыми тағылымдамасын сәтті аяқтады
22.09.2025

2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қыркүйегіне дейін IITU профессоры, Киберқауіпсіздік кафедрасының сениор-лекторы Шәкірт Макиленов «500 Болашақ ғалым» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы менеджмент» бағыты бойынша АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Урбана-Шампейн қаласында орналасқан Иллинойс университетінде (University of Illinois Urbana-Champaign, UIUC) ғылыми тағылымдамадан өтті.


UIUC – АҚШ-тағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Кампус инженерия, ақпараттық технологиялар және деректер ғылымы саласындағы мықты білім беру бағдарламаларымен, сондай-ақ Ұлттық суперкомпьютерлік қолданбалар орталығы (National Center for Supercomputing Applications, NCSA) сияқты заманауи зерттеу инфрақұрылымымен танымал. Бұл орталық жоғары өнімді есептеулерді дамытуда ерекше маңызға ие және халықаралық ғылыми жобалардың алаңы болып табылады.


Тағылымдама барысында Шәкірт Макиленов заманауи оқыту әдістемелерін зерттеп, блокчейн-технологиялар, веб-дамыту және академиялық жазу курстарын меңгерді. Сонымен қатар, ол медициналық ұйымдарға арналған блокчейн негізіндегі қосарлы аутентификация жүйесін жобалау бойынша ғылыми зерттеу жүргізді. Жұмыс нәтижесінде екі ғылыми мақала жарық көрді, оның бірі халықаралық рецензияланған журналда жарияланды.


Айрықша мәнге ие болған бағыттардың бірі — NCSA орталығындағы CILogon жобасының жетекшісі Джим Басни менторлығымен жұмыс жасау болды. Бұл ынтымақтастық барысында медициналық деректерді қорғау мен аутентификациялау мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ зерттеуші киберқауіпсіздік, деректер базасын жобалау және академиялық рецензиялау бойынша семинарлар мен воркшоптарға белсенді қатысты.


Алынған тәжірибе мен халықаралық ғылыми байланыстар Қазақстанда білім беру мен зерттеу ісінде заманауи тәсілдерді енгізуге, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Версия сайта для слабовидящих