2025 жылы 11 қыркүйек күні Астана қаласында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кадрларын даярлау бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің/РУМС жобаларды басқару тобының «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» секцияларының көшпелі семинар-отырысын өткізді. Іс-шараның тақырыбы: «Қазақстан IT-мектептерінің білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу тәжірибесі: жасанды интеллект саласындағы оқу бағдарламаларын жаңарту».
Семинарға Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Astana Hub, жетекші IT-мектептер мен елдің ЖОО профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Семинардың мақсаты – жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына жасанды интеллект пен Game Development курстарын практикалық түрде енгізу, бұл қазақстандық білім беруді сандық трансформациялау жолындағы маңызды қадам болмақ.
Қатысушыларға ҚР ЦДИАӨМ жанындағы Жасанды интеллект және даму комитеті төрағасының орынбасары Сайланбаев Әлібек Айдосұлы, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жарасова Гүлжан Сәгидуллақызы, Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры Славкина Алена Валентиновна құттықтау сөз сөйледі.
Баяндамаларды тыңдап, талқылағаннан кейін қатысушылар жасанды интеллект саласындағы білім беру бағдарламаларын жаңартудың өзектілігін атап өтті, ЖОО-ларда ЖИ интеграциясына кешенді тәсілдің қажеттілігін мойындады және 7 ЖОО мен 7 IT-мектептің (IITU – BDL, Satbayev University – Omnium, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Data group, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ – Productbee, Alikhan Bokeikhan University – ItechResearch, АТУ – Qstem, Ш. Уәлиханов атындағы КУ – OzenVision) бастамаларын қарастырды. Аталған бастамалар негізінде оқу бағдарламалары қайта қаралып, елдің қалған 41 ЖОО-на енгізілетін болады.
Оқу-әдістемелік бірлестік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды сандық трансформация арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге сәйкес оқу бағдарламаларын жетілдірудің келесі қадамдарын айқындады.
Қатысушылар жасанды интеллектіні білім беру процесіне интеграциялауда кешенді көзқарастың қажеттілігін атап өтіп, жетекші IT-мектептер мен ЖОО-лардың оқу бағдарламаларын жаңарту жөніндегі бастамаларын қолдады.
