Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) Наурыз мерекесін – жаңарудың, бірліктің және достықтың символын – ерекше жарқын әрі ауқымды түрде атап өтті.
Биылғы мереке ерекше форматта өтті. «Наурыз Fest» мерекелік бағдарламасы театрландырылған «Көш» шеруімен ашылды. Шеруге IITU басшылығы, оқытушылары мен қызметкерлері, Қазақстан Ядролық университетінің өкілдері, шетелдік қонақтар, оның ішінде ASIIN аккредитациялық агенттігінің өкілдік делегациясы, Түркия, Қытай, Ирак, Пәкістан, Нигерия, Малайзия, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдерден келген шетелдік студенттер, Жастар ісі комитетінің белсенділері мен халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.
«Shadows» би тобының орындауындағы хореографиялық композиция мен дәстүрлі шашу рәсімі мерекелік концерттің шымылдығын ашты. Құттықтау сөздерін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Асылбек Исахов пен Германиядан келген қонақ, профессор Мустафа Науито арнады.
Студенттік «Қазына» қазақ халық аспаптар ансамблі әйгілі күйлерді орындады. Көрермендерге өз өнерлерін вокалистер Бекұлан Орынбасаров, Бекзат Атрет және Мәдина Мырзаханқызы тарту етті, ал Оразбек Бағжан қонақтарды авторлық рэпімен тәнті етті. International Students Club мүшелері де Наурыз мерекесіне арналған құттықтау сөздері мен шығармашылық номерлерін ұсынды.
Іс-шара қатысушыларына наурыз көже, бауырсақ және палау ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық ойындар бойынша жарыстар ұйымдастырылды (асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, бес асық), алтыбақан тебуге, батырлар мен бүркітшілермен бірге естелік суретке түсуге мүмкіндік болды. «Наурыз Fest» мерекелік бағдарламасының соңында жастарға арналған дискотека мен «Auen» вокалды-аспаптық ансамблінің концерті өтті.