«Жасанды интеллект: медианың жауы ма, әлде одақтасы ма?» — іс-шара қорытындысы
24 қазан күні Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (IITU) және EKTU студенттері арасында «Жасанды интеллект: медианың жауы ма, әлде одақтасы ма?» тақырыбында пікірталас форматында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан тарихы және Медиакоммуникация кафедрасы ұйымдастырып, онлайн форматта өтті. Кездесу студенттер мен оқытушылардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Пікірталас барысында қатысушылар жасанды интеллекттің дәстүрлі мамандықтарды алмастыру қаупін және сонымен қатар оның журналистика саласына ашып отырған жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Мысалы, күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру, үлкен деректерді талдау және контентті жекелендіру. Жарқын презентациялар, өмірден алынған мысалдар, қызу пікірталастар кездесу атмосферасын ерекше жандандыра түсті.
Басты назар білім беру аспектісіне аударылды: студенттер жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу арқылы болашақ медиамамандардың жаңа құралдарды меңгеріп қана қоймай, сонымен бірге сын тұрғысынан ойлау қабілетін және кәсіби этиканы сақтап қалу маңызын атап өтті. Бұл іс-шара университеттер арасындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың медиасала мамандарын цифрлық дәуір талаптарына сай дайындаудағы рөлін көрсетті.
Кездесудің қорытындысында жасанды интеллект «жау» емес, керісінше, жауапкершілікпен пайдалануды және кәсіби дағдыларды үздіксіз дамытуды қажет ететін қуатты құрал екендігі айтылды. Мұндай пікірталастар студенттердің өз ұстанымдарын қалыптастырып, оны дәлелмен қорғауға және тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.