2025 жылдың 10–20 шілде аралығында Австралияның Квинсленд штатына қарасты Саншайн-Кост қаласында әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі – Халықаралық математика олимпиадасы (IMO 2025) өтеді. Бұл олимпиада жыл сайын 100-ден астам елдің үздік мектеп оқушыларын жинайды.
Биыл Қазақстанның намысын ұлттық және халықаралық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен алты жоғары сынып оқушысы қорғайды. Ұлттық құраманың жетекшісі – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) ректоры, профессор Исахов Асылбек Әбдіашимұлы.
Профессор Исахов – білім беру саласының танымал маманы, бірнеше жылдан бері Қазақстан құрамасын халықаралық деңгейдегі беделді олимпиадаларға бастап барып жүр. Оның кәсіби тәжірибесі, жіті жетекшілігі мен жастарға деген сенімі еліміздің атын әлемдік аренада лайықты таныта алатын мықты команданың қалыптасуына септігін тигізуде.
2025 жылғы сәуір айында профессор Исаховтың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговинада өткен Балқан математикалық олимпиадасында (BMO) сәтті өнер көрсетті. Құраманың барлық алты мүшесі жүлделі орындарға ие болды: үш күміс және үш қола медаль, бұл – қазақстандық мектеп оқушыларының жоғары деңгейдегі математикалық дайындығының айғағы.
IMO-ға қатысу – тек жеке жетістік қана емес, бұл – тұтас ел үшін зор мәртебе. Бұл – Қазақстанның білім беру жүйесінің қуатын, ғылыми әлеуеті мен ұлттың интеллектуалдық болашағын халықаралық деңгейде көрсету мүмкіндігі.
Осы маңызды миссияда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) атқарып отырған рөлі ерекше. Университет ректорының бастамасымен IITU дарынды жастарды дамыту мен STEM саласындағы халықаралық бастамаларды қолдауға белсенді атсалысуда. IITU – бұл заманауи, инновацияға бағытталған, сапалы білім беруді және цифрлық болашақ көшбасшыларын даярлауды мақсат еткен университет.
Біз шәкірттерімізбен шын жүректен мақтанамыз және Қазақстан құрамасына 2025 жылғы Халықаралық математика олимпиадасында шабыт, сенім және жарқын жеңістер тілейміз!
Анықтама үшін:
Халықаралық математика олимпиадасы (IMO) 1959 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және мектеп оқушыларына арналған ең беделді математикалық жарыс болып саналады. Қазақстан бұл олимпиадаға 1992 жылдан бастап қатысып, тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.