2025 жылдың 10–20 шілде аралығында Австралияның Саншайн-Кост қаласында 65-ші Халықаралық математика олимпиадасы (IMO) өтті. Олимпиадаға 100-ден астам елден 600-ден астам дарынды оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейде үздік саналатын ұлттық командалардың бірі ретінде өнер көрсетті. Құраманы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) ректоры, PhD докторы Асылбек Исаxов бастап барды.
IMO - бұл мектеп оқушыларына арналған ең беделді әрі ауқымды халықаралық математика сайысы. Олимпиада жыл сайын болашақ ғалымдар мен инженерлердің есімін айқындайды. Қазақстан командасы бірнеше жыл қатарынан үздік ондықта болса, биылғы жыл да сол дәстүрдің жалғасы болды. Екі кезеңнен тұратын күрделі есептерді шешу барысында оқушылар ел намысын лайықты қорғап шықты.
Команданың бұл олимпиадаға қатысуына ерекше маңыз беретін жайт - Қазақстан құрамасының бірнеше жыл бойы ресми жетекшісі болып IITU ректоры Асылбек Исаховтың өзі болуы. Оның жеке тәлімгерлігі, дайындық процесіне белсенді араласуы және тұрақты қолдауы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып қана қоймай, IITU-дың басты стратегиялық бағытын да айқындайды - елдің зияткерлік әлеуетін қолдау және дамыту.
«Мен әр қатысушымен мақтанамын. Қазақстан атынан осындай жоғары деңгейде өнер көрсеткен дарынды жастардың жанында болу - мен үшін үлкен мәртебе. Бұл тәжірибе оларға сенімділік сыйлап, болашақта биік белестерге жетуге көмектесетініне сенемін», - деді ректор Асылбек Исаxов.
Haileybury мектебінің оқушысы, олимпиада қатысушысы Аманжолов Әмірлан өз әсерімен бөлісті:
«Алдымен, Халықаралық математика олимпиадасындағы кәсіби үйлестіруі үшін Асылбек Исаxовқа ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ол тек ректор ғана емес, нағыз команда көшбасшысы болды - әр ұпай үшін күресті, ең толқулы сәттерде жанымыздан табылды және команда үздік нәтиже көрсетуі үшін бар күшін салды. Оның қолдауының арқасында Қазақстан IMO тарихындағы ең жоғары жалпы баллға қол жеткізді».
Қазақстан құрамасы - бұл тек жеңістер ғана емес, сонымен қатар болашақтың бейнесі: батыл, білімді әрі амбициялы ұрпақ. Ал IITU - олардың сенімді серігі.