2025 жылғы 8–13 шілде аралығында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (IITU) Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің студенттеріне арналған Жазғы мектеп өтті. Бұл жоба цифрлық технологиялар, мәдениетаралық диалог және мазмұны бай білім беру бағдарламасын біріктірген халықаралық академиялық серіктестіктің жарқын үлгісі болды.
Алты күн бойы қатысушылар жасанды интеллект, машиналық оқыту, 3D-дизайн және виртуалды шындық тақырыптарына терең үңілді. IITU оқытушылары мен зерттеушілерінің жетекшілігімен студенттер практикалық воркшоптарға қатысып, нақты кейстерді талдап, жобалық жұмыстар орындады. Бағдарлама барысында soft skills, сыни ойлау және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылды.
Жазғы мектеп тек академиялық платформа ғана емес, сонымен қатар мәдени алмасу алаңы ретінде де маңызды рөл атқарды. Қытайлық студенттер қазақ халқының дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен танысып, Алматы қаласының көрнекті жерлеріне экскурсия жасады. Атап айтқанда, олар Орталық мемлекеттік музей, Халық музыкалық аспаптар музейі, Ботаникалық бақ және табиғаты көз тартар Ісік көліне барып, ерекше әсер алды.
Жазғы мектептің соңғы күні қатысушыларға сертификаттар табыстау салтанатымен аяқталды. Ресми бөлімнен кейін ұлттық ансамбль «Қазына» қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, IITU-дың талантты студенттері өз өнерлерін ортаға салды. Бұл кеш - білімге, жаңалықтарға және өзара түсіністікке толы аптаның жарқын қорытындысы болды.