IITU-да жаңа оқу жылының Ғылыми кеңесінің алғашқы отырысы өтті
09.09.2025

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде 2025–2026 оқу жылының Ғылыми кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында Ғылыми кеңестің 2025–2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспары мен жаңартылған құрамы бекітілді.


Кеңес мүшелері Қабылдау комиссиясының есебін тыңдап, профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық жүктемесін бекітті және халықаралық Coursera платформасында іске асырылатын пәндерді айқындады. Сонымен қатар, докторанттардың шетелдік ғылыми кеңесшілерін қайта бекіту және диссертациялық зерттеулердің тақырыптарын түзету туралы шешім қабылданды. Бұл университеттің ғылыми әлеуетті дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысын айғақтайды.


Жиында студенттердің аудиториядан тыс және әлеуметтік белсенділігін бағалауға мүмкіндік беретін әлеуметтік GPA жүйесін енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бастама студенттердің soft skills дағдыларын, көшбасшылық қасиеттері мен азаматтық жауапкершілігін дамытуға ықпал етеді.


Отырыс соңында тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Даурен Құмарханович Дүсебаев 2025 жылғы 8 қыркүйекте жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының маңыздылығын атап өтті. Ол Жолдауда белгіленген міндеттердің университеттің стратегиялық бағыттарына толық сәйкес келетінін айтты. Университет ұжымы бұл саясатты бірауыздан қолдап, оны жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Версия сайта для слабовидящих