2025 жылғы 1-4 шілде аралығында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (IITU) бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша оқуын аяқтаған түлектерге ресми диплом табыстау салтанаты өтті.
Бұл күн - түлектер үшін жылдар бойғы еңбектің жемісі мен жаңа өмір жолының бастауы ретінде есте қалды. Диплом алған түлектер ақпараттық технологиялар, цифрлық медиа, инженерия және бизнес-талдау бағыттары бойынша білім алып, бәсекеге қабілетті маман атанды.
Салтанатты рәсімге IT, телекоммуникация және цифрлық шешімдер салаларындағы алдыңғы қатарлы компания өкілдері арнайы шақырылып, түлектерге дипломдарын табыстап, жылы лебіздерін білдірді. Бұл университет пен индустрия арасындағы тығыз байланыстың нақты дәлелі болды.
Университеттің қоғамдық және ғылыми өміріне белсенді атсалысқан, оқу үлгерімі үздік түлектерге ректордың атынан алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.
Университет ректоры, профессор Асылбек Исахов түлектерді шын жүректен құттықтап, олардың болашақта үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдірді:
«Сіздер тек диплом алып қана қоймай, IITU қауымдастығының толыққанды мүшесіне айналдыңыздар. Университетіміз сіздердей түлектерімен әрдайым мақтанады. Ізденістен тайынбай, әрбір қадамыңызды сеніммен және жауапкершілікпен басуларыңызға тілектеспін», - деді ректор өз үндеуінде.
Университет оқытушыларына, ата-аналарға және салтанатты рәсімді ұйымдастыруға атсалысқан барлық әріптестерге шынайы алғысын білдіреді.
Барша түлектерімізге жарқын болашақ, биік жетістіктер мен шығармашылық табыс тілейміз!