ХАТУ әскери кафедрасында Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 36 жыл толуына арналған «Батылдық күні» өтті
Мерейтойлық іс-шараның маңыздылығын құрметті қонақтардың қатысуы арттыра түсті. Кездесуге отставкадағы генерал-лейтенант Иванов Иван Иванович және отставкадағы капитан Смирнов Николай Иванович арнайы шақырылды.
Ауған соғысының куәгерлері мен қатысушыларының естеліктері бұл тарихи күннің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Әскери кафедраның офицерлері мен студенттері алдында сөз сөйлеген генерал-лейтенант Иван Иванович Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасына енгізілу себептері мен өз әскери тәжірибесі туралы баяндады.
"Ауғанстан – бұл біздің тарихымыздың бір бөлігі, ол қайғы мен құрметке толы. Өз әскери борышын абыроймен атқарған жауынгерлерге деген тағзымымыз ешқашан өшпейді. Уақыт өтсе де, бұл күн – солдаттар мен офицерлердің ерлігі мен батырлығының символы болып қала береді," – деп атап өтті отставкадағы генерал-лейтенант.
Жиынға қатысушылар интернационалдық борышын өтеп, өз өмірін қиған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кездесу барысында қонақтар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, оларды Отанды сүюге, әскери ғылымды меңгеруге және патриот болуға шақырды. Сондай-ақ, майдандас жолдастарының ерлік оқиғаларымен бөлісті.
Іс-шара соңында Иван Иванович жас ұрпаққа қазақ тілінде бата беріп, Отан қорғаушыларға ақ жол тіледі.


