Алматыда Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) базасында БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күніне арналған «Қазақстанның бітімгерлері: Бейбітшілік миссиясы» атты алғашқы форум өтті.
Іс-шара 2003 жылдан бері бүкіл әлемде тойланып келе жатқан БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күніне арналды. Форумға БҰҰ-ның ҚР-дағы Миссиясының, ҚР Қорғаныс министрлігінің, «KazCENT» бітімгершілік операциялар орталығының, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің өкілдері, жоғары оқу орындары әскери кафедраларының меңгерушілері мен тыңдаушылары қатысты.
БҰҰ-ға кірген сәттен бастап Қазақстан осы беделді халықаралық ұйымның бейбіт бастамаларын кеңінен қолдайтын Орталық Азия өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды фактор болды және солай болып қала береді. БҰҰ Бас Ассамблеясында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еш кідіріссіз шешуді талап ететін әлемдік ауқымдағы стратегиялық мәселелерді атап өтті, ал оның Алматыны тұрақты даму Мақсаттары бойынша БҰҰ-ның Өңірлік гуманитарлық хабына айналдыру идеясы ең жоғары халықаралық деңгейде, оның ішінде академиялық қоғамдастықта да қолдау табады.
Форумды аша отырып, IITU ректоры Асқар Хикметов: «ЖОО БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» (United Nations Academic Impact) бағдарламасының толыққанды мүшесі болды әрі «Тұрақты даму» және «Бейбітшілік пен дауларды шешу» сияқты жалпыға танылған он қағидатты ілгерілетуге өз үлесін қоса отырып, оларды іске асыруда белсенді қолдайды, жәрдемдеседі. Осыған байланысты біз «Қазақстанның бітімгерлері: Бейбітшілік миссиясы» атты алғашқы форумды өткізуге бастамашылық еттік.
Форум қатысушыларын құттықтай отырып, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек БҰҰ бітімгерлер миссиялары қақтығыс аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудың басты, барынша тексерілген және пәрменді құралы болып қала беретінін атап өтті. Ол Қазақстанның белсенді бітімгершілік қызметіне баса назар аударды және оның қазіргі уақытта Голан биіктерінде дербес миссияны орындауға алып келген жетістігін атап өтті.
ҚР ҚМ бітімгершілік операциялар орталығының бастығы полковник Бауыржан Нигметуллин іс-шараға қатысушыларды қазақстандық бітімгерлерді даярлау жүйесімен жан-жақты таныстырды. БҰҰ құрылымдарымен өзара әрекеттесу мәселелерін, кандидаттарға қойылатын халықаралық стандарттар мен талаптарды атап өтті, әртүрлі өңірлер мен елдерде миссияларды орындау ерекшеліктері туралы айтты.
Форум жұмысы барысында адами капиталды қалыптастыру, атап айтқанда ақпараттық технологияларды жауапкершілікпен пайдалану саласында білімі мен білігі бар білікті әскери кадрларды даярлау мәселелері көтерілді. Бұл әсіресе қазіргі уақытта әскери әрекеттерді жүргізу әдеті мен тәсілінің өзгеруіне байланысты өзекті болып отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты ақпараттық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллекті қолдана отырып, әзірлемелерді құру және тиімділігін арттыру маңызды болып отыр. Мысал ретінде ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА-ҰҰА), автономды медициналық зертхана, сондай-ақ бітімгерлер миссияны дайындау мен орындаудың барлық кезеңдерінде қолдануға болатын «Геотактика» тактикалық тренажері арқылы іздеуді біріктіретін, спутник арқылы жұмыс істейтін, адамның медициналық көрсеткіштерін талдауға арналған «Томирис» қолға тағатын гаджетінің IITU-тұжырымдамасын әзірлеу келтірілген.
Жұмыс қорытындысы бойынша қатысушылар бітімгершілік қызметі бойынша зерттеу жұмыстарын, әскери кафедралардың тыңдаушыларына арналған арнайы курстарды өткізу туралы ұсыныстарымен қарар жобасын қарастырды. Олар IITU базасында ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Қазақстанның жоғары оқу орындарының бітімгершілік бойынша әскери кафедраларының әріптестік желісін құру бастамасын қолдады.