ХАТУ-да 2025 жылғы Спартакиада аяқталды
17.01.2025
ХАТУ-да оқытушылар мен қызметкерлер арасындағы үлкен спорт мерекесі – Спартакиаданың қорытындысы шығарылды.

Спорттық сайыстарға университеттің құрылымдық бөлімшелері мен кафедраларынан құралған сегіз команда қатысты. Олар бір апта бойы алты спорт түрі бойынша бақ сынасты: баскетбол, шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ.


Қорытынды марапаттау рәсімінде Басқарма төрағасы – Ректор Асылбек Исахов сөз сөйлеп, Спартакиададағы ең бастысы – жеңіске жету ғана емес, сонымен қатар қатысу, ойыннан алған қуаныш пен жағымды эмоция екенін атап өтті. Бұл сайыс үлкен әрі тату университет ұжымының бір бөлігі екенін сезінуге мүмкіндік береді. Ректор жекелеген спорт түрлері мен жалпы командалық есеп бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ үздік ойыншыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.


Спартакиада қорытындысы бойынша басты кубок пен жеңімпаз атағын «Ректорат» командасы иеленді. Бұл команда ректор аппаратының, маркетинг және PR департаментінің, тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаментінің, сондай-ақ «Карьера» орталығының қызметкерлерінен құралған. Құрметті екінші орынды «Достық» командасы иеленді. Бұл команда «Математикалық компьютерлік модельдеу» және «Компьютерлік инженерия» кафедраларының оқытушыларын біріктірді. Ал үздік үштікке «Жауынгер» командасы енді. Оның құрамында оқу-әдістемелік қызмет басқармасы, Офис-регистратор және Әскери кафедра өкілдері болды.

Спартакиадаға қатысып, оны ұйымдастырған және жанкүйер болған барлық қатысушыларға спорт мерекесінің ұмытылмас атмосферасын сыйлағаны үшін алғысымызды білдіреміз.


Версия сайта для слабовидящих