Сәуір айының басында, әдістемелік және тіл мамандары – педагогика ғылымдарының кандидаты, тілдер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Алиева Д.А., филология ғылымдарының кандидаты, тілдер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бубликова О.В., TESOL магистрі, тілдер кафедрасының сениор-лекторы Айнабаева З.М., және ассистент-профессор Манапбаева Ж.Ж. «Аралас оқытудағы заманауи технологиялар» тақырыбында офлайн форматта тренингтер өткізді. Бұл тренингтер БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) пен Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. ХАТУ-дың жетекші оқытушылары
Өрлеу профессор-оқытушылар құрамымен өздерінің заманауи цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу тәжірибесімен бөлісті. Тренингтің негізгі мақсаты – педагогтердің аралас оқытуда және оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуда Akelius платформасы мен жасанды интеллект сияқты цифрлық құралдарды тиімді қолдану бойынша кәсіби құзыреттілігін арттыру. Тілдік және әдістемелік сарапшылар тренингтің негізгі кезеңдерін атап өтті. Олар аралас оқыту моделіне, «аударылған сынып» қағидаларына, RAFT технологиясы мен «станциялар ротациясы» тәсіліне, сондай-ақ заманауи технологияларды білім беру ортасына енгізуге бағытталған.
Тренингтің алғашқы кезеңінде Динара Асылхановна Алиева мен Оксана Васильевна Бубликованың Akelius платформасын аралас оқыту құралы ретінде қолдануға арналған шеберлік сабағы өткізілді. Негізгі тақырыптардың бірі – «станциялар ротациясы» моделі болды. Бұл модель оқу үдерісіне түрлі форматтағы ресурстарды қолдана отырып, белсенді өзара әрекеттесуді қарастырады. Оқушылар дәстүрлі материалдармен, цифрлық қосымшалармен жұмыс істеп, топтық тапсырмалар орындай алады. Мұндай тәсіл икемді оқытуды қамтамасыз етіп, қатысушылардың белсенділігін арттырып, әртүрлі дағдыларды дамытуға ықпал етеді.
Тренинг барысында «станциялар ротациясы» арқылы шешілетін педагогикалық міндеттер егжей-тегжейлі қарастырылды. Сабақтың логикалық құрылымын көрсететін схема маңызды құрал ретінде ұсынылды. Қатысушылар түрлі оқу әрекеттерін біріктіре отырып, сабақ жоспарын қалай құру керектігін, сондай-ақ оқушыларға орыс тілі де қоса алғанда, әртүрлі тілдерде материалдармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін Akelius сияқты заманауи технологияларды қалай тиімді қолдануға болатынын үйренді.

Тренингтің келесі кезеңі Динара Асылхановна Алиева таныстырған RAFT технологиясына арналды. RAFT әдісінің мәні неде? Бұл технология оқушыларға оқу материалын әртүрлі көзқарас тұрғысынан түсінуге, оны қайта ой елегінен өткізуге және ақпаратты әртүрлі форматта ұсынуға мүмкіндік береді. Әдістің негізгі қағидаттары – Рөл, Аудитория, Формат және Тақырып ұғымдарын қамтиды. Осы элементтер оқушылардың контентпен терең әрі саналы жұмыс істеуіне жағдай жасайды. «RAFT әдісі аралас оқыту форматына өте тиімді. Бұл әдіс әртүрлі білім беру платформалары мен ресурстарын белсенді пайдалануға мүмкіндік береді. RAFT әдісімен қатар Akelius платформасын қолдану оқушыларға тек теориялық материалды меңгеріп қана қоймай, өз жобаларын жасауға, пікірталастарға қатысуға және өз жұмыс нәтижелерін бағалауға көмектеседі. RAFT технологиясын пайдалану – оқушылардың сыни ойлау қабілетін және шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етеді», – деп атап өтті Динара Алиева.
Тренингтің қорытынды кезеңі “аударылған сынып” қағидаттарына арналды. Бұл тақырыпты Зульфия Махсутовна Айнабаева таныстырды. Сарапшының айтуынша: «Аударылған сыныпта дәстүрлі сабақ құрылымы өзгереді: оқушылар алдымен оқу материалын үйде өз бетінше меңгереді, ал сыныпта сол білімдерін іс жүзінде қолдана отырып, тапсырмалар шешеді, сұрақтарды талқылайды. Бұл тәсіл мұғалімдерге оқу материалына тереңірек үңілуге және әр оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді Зульфия Махсутовна. Сондай-ақ ол оқыту платформасы ретінде Akelius-ті материалды өз бетінше меңгеру үшін пайдалану және оқу процесін жекелендіру мақсатында жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Жасанды интеллект әрбір оқушының жетістіктері мен қиындықтарын талдап, білімді жетілдіру бойынша ұсыныстар бере алады және олардың даму динамикасын бақылап отырады. Сонымен қатар, “аударылған сынып” моделін жасанды интеллект пен басқа да цифрлық технологиялармен кешенді түрде қолданудың нақты мысалдары мен үздік тәжірибелері қарастырылды. Мұндай тәсілдердің үйлесімі оқушылардың ынтасын арттырып, олардың академиялық көрсеткіштерінің айтарлықтай жақсаруына ықпал етеді. Себебі әр оқушы өз дайындық деңгейіне бейімделген материалдар мен тапсырмалар алады.
Орыс және ағылшын тілдерін оқытуда инновациялық білім беру технологияларын енгізуге арналған тренинг педагогтердің қазіргі білім беру кеңістігінің талаптарына сай кәсіби дайындығын арттыру жолындағы маңызды кезең болды. Аралас оқыту моделі, RAFT әдістемесі, аударылған сынып технологиясы, сондай-ақ Akelius сияқты цифрлық платформаларды қолдану – оқушылардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарына бейімделген икемді әрі жекелендірілген білім беру ортасын құруға септігін тигізеді. Бұл тәсілдерді күнделікті педагогикалық тәжірибеге енгізу оқыту тиімділігін және жалпы білім сапасын айтарлықтай арттыруы мүмкін. Цифрландыру жағдайында заманауи білім беру жүйесі технологиялық шешімдерді оқу үдерісінің ажырамас бөлігі ретінде жиі қолдана бастады. Орыс және ағылшын тілдерін оқытуда заманауи әдістер мен цифрлық құралдарды пайдалануға арналған бұл тренинг Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығының тренер-педагогтерінің кәсіби шеберлігін жетілдірудегі маңызды қадам болды. Оқу барысында қатысушылар негізгі педагогикалық тұжырымдамалармен танысып, жаңа құралдарды меңгеріп, технологияларды білім беру процесіне тиімді интеграциялау бойынша практикалық дағдыларға ие болды.

Тренингтің екінші күні дыбыстауды үйретуде жасанды интеллект құралдарын практикалық түрде меңгеруге арналды.
Қатысушылар AccentOracle сияқты интерактивті платформаларды талдауға терең үңіле отырып, дыбыстық жазба арқылы сөйлеушінің акцентін анықтау және айтылымды үйретуде жиі кездесетін қиындықтарды жою тәсілдерін зерттейді. Жаннура Жарканбековна Манапбаева айтылымды үйретуге арналған тапсырмаларды қызықты әрі тартымды етіп құрастыруға ерекше назар аударылғанын атап өтті – мәселен, қиын дыбыстар бойынша жаңылтпаштарды генерациялаудан бастап, Akelius Languages және Pronunciation Checker сияқты ресурстарды пайдалана отырып, жекелендірілген жаттығулар жасауға дейінгі тапсырмалар. Қатысушылар оқу деңгейіне бейімделген сабақтарды жобалауды, сондай-ақ интонация мен байланысты сөйлеуді жақсарту үшін жасанды интеллектті қолдануды үйренуде. Мұндай тәсілдер оқыту процесін анағұрлым тиімді әрі қызықты етеді.
Аталған тренингтердің Өрлеу және ЮНИСЕФ арасындағы әріптестік аясында жүзеге асырылғанын ерекше атап өткен жөн. Бұл тренингтердің басты мақсаты – мұғалімдердің Akelius платформасы сияқты цифрлық құралдарды меңгеруі және жасанды интеллектті (ЖИ) тиімді аралас оқыту мен тілдік дағдыларды дамыту үшін қолдануды үйренуі болды. Қатысушылар Akelius платформасының аралас оқытудың әртүрлі модельдерін жүзеге асырудағы мүмкіндіктерін зерттеп, ЖИ-ді грамматиканы, лексиканы, айтылымды, сөйлеуді, жазуды және бірлескен жұмысты оқытуда қолдануды үйренді. Айта кету керек, Akelius платформасы 2021 жылдан бастап Астана, Алматы және Шымкент қалаларының мектептерінде қолданылып келеді. Мастер-тренингтерге Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Тараз, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Өрлеу орталығынан келген педагог-тренерлер қатысты. Мастер-тренинг аясында алынған білім мен дағдылар Өрлеу Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы арқылы аталған өңірлердегі пән мұғалімдерін каскадты оқытуда қолданылатын болады. Бұл өз кезегінде сапалы әрі қолжетімді білім беруді қалыптастыруға және мектеп оқушыларының сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.