2023 жылдың қаңтарында Akelius, ЮНИСЕФ және ХАТУ-дың сауаттылық пен цифрлық дағдыларды дамыту бойынша бірлескен жобасына қатысқан оқушылар қанағаттанарлық оқу нәтижесін көрсетті. Бұған жобаның бірінші кезеңінде жүргізілген екінші бағалау деректері дәлел болып отыр.
Оқушылардың жетістіктерінің деңгейі мен динамикасын анықтау мақсатында олардың біліміне қима жұмыстары жүргізілді. Сөйлеу әрекетінің барлық 4 түрі бағаланды: оқу, жазу, тыңдау және сөйлеу. Нәтижелерді қорыту барысында оқушылардың оқу жетістіктерінің 45 жазбасы таңдап алынды.
«Оқушылардың жетістіктерін бағалау негізінде 24 оқушыда (53%) орыс тілін меңгеру деңгейі 15%-дан жоғары, ал 10 оқушыда (22%) жақсару 5%-ға төмен екені байқалды. Орта есеппен барлық оқушылардың тілді меңгеру деңгейі 14%-ға өсті», - делінген бағалау есебінде.
Дескрипторларға қарап, қарым-қатынас дағдыларының маңызының артуы байқалады. Атап айтқанда, «Арнайы сұрақтарға жауаптар» дескрипторы 51 %-ға, «Сұраулы сөйлемді құру» 35%-ға, «Үлгі бойынша диалог құрастыру» 24 %-ға өсті. Дегенмен, орфография, орфоэпия сияқты тілдік дағдыларда ілгерілеу жоқ.
«Жалпы, сұрақ-жауап, диалогтар құрастыру және топтық жұмыс дағдылары 20%-дан артты. Дегенмен, мұғалімдер сөйлем құрастыру, жазу сияқты дағдыларды меңгеруіне назар аударып, олармен жұмыс істеуі керек», - деп түйіндеді мамандар.
Қазақстанда 2021 жылдың күзінде көші-қон салдарынан зардап шеккен балалардың сауаттылығын арттыру жобасы іске қосылды. Бұл жобаға тоғыз мектеп қатысады. Сабақтар Akelius білім беру платформасы арқылы аралас форматта өткізіледі. Жобаның соңына дейін 250-ге жуық бала осы платформа арқылы оқытылады деп күтілуде.