ХАТУ-дың тіл және әдіскер мамандары 2023 жылғы 27 қаңтарда Алматы қаласындағы №152 мектеп-гимназиясы ҚММ базасында Akelius және ЮНИСЕФ-пен бірлескен жобаға қатысқан мұғалімдерге көші-қон процестерінен зардап шеккен балалардың сауаттылығын арттыру және цифрлық дағдыларын дамыту мақсатында бірқатар тренингтер өткізді.
Әуелі пилоттық жобаға қатысушы, орыс тілі пәнінің мұғалімі Маржан Тоқбай ашық сабақ өткізді. Аралас типті сыныпта мұғалім балаларды оқыту барысында дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар, орыс тілін нөлден бастап үйренуге мүмкіндік беретін Akelius білім беру платформасын қалай қолданатынын көрсетті. Қазіргі уақытта платформада 6 деңгей қолжетімді, олар: A0, A1, A1.1, A2, B0, B1. Тапсырмалардың осындай алуан түрлі болып келуі тілдік деңгейі әртүрлі және түрлі жастағы балалардың бір топта болуын ескере отырып, балаларға қажетті жаттығуларды жеке таңдауға мүмкіндік береді.
Сабаққа мұғалімдер, мектеп әкімшілігі, сонымен қатар ХАТУ-дың тіл және әдістеме сарапшылары қатысты. Сабақтан кейін олар кері байланыс жасады, көрген-білгендері бойынша ой бөлісіп, сабақты бұдан да тиімдірек өткізуге қатысты кеңестерін берді.
Одан әрі ХАТУ-дың тіл мамандары ассистент Оксана Бубликова мен доцент Динара Алиева көрнекі сабақ өткізді. Сабақ барысында олар дәстүрлі оқыту әдістері мен гаджеттерді пайдалануды қалай үйлестіру керектігін көрнекі түрде көрсетті, сонымен қатар кері байланыс пен рефлексияның тиімді әдістерімен бөлісті.
Сабақтан кейін ХАТУ әдіскерлері мұғалімдерге тренинг өткізді. Филология ғылымдарының кандидаты, Тілдер кафедрасының доценті Эльмира Еркебекова шет тілі ретінде оқытылатын орыс тілі сабақтарында оқушылардың ынтасын арттыру туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, пәнге деген қызығушылықты қолдау ғанабалалардың оқу процесіне қатысу белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Тұсаукесер барысында ол бірқатар әдістерге тоқталып, мұғалімдерге балалардың назарын аударуға және жаңа білім алуға деген қызығушылықтарынжоғары деңгейде ұстауға септігін тигізетін кеңестерін берді.
Әдістемелік сарапшы, филология ғылымдарының кандидаты, ХАТУ-дың Тілдер кафедрасының доценті Евгений Медведев балалардың жас ерекшеліктерін неліктен ескеру қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл оқу траекториясын құрудың бастапқы нүктесі болып табылады.
Мұндай кездесулер жоба қатысушыларына маңызды мәселелерді талқылауға, пікір алмасуға және белгілі бір сұрақтарға жауап таба алуға мүмкіндік береді. Олар орыс тілін барынша тиімді оқыту үшін тәжірибе алмасу мақсатында үнемі өткізіліп тұрады.
2021 жылдың қарашасында Қазақстанда көші-қон салдарынан зардап шеккен балаларға арналған сауаттылық пен цифрлық дағдыларды дамыту курсы басталды. Бұл курс өмірдің қиын жағдайларына тап болған 5 пен 17 жас аралығындағы балаларға арналған. Сабақтар Akelius білім беру платформасы арқылы аралас форматта өткізіледі.