9-15 желтоқсан аралығында ХАТУ сарапшылары шетелден келген және қиын жағдайға тап болған балалардың сауаттылығын арттыру бойынша халықаралық жобаға қатысқан мектептерді аралау мақсатында Қазақстан қалаларына іссапармен шықты.
9 желтоқсанда сарапшылар Астанадағы №67 гимназияға ат басын бұрып, орыс тілі мұғалімі Қарлығаш Ережепқызы Ахметбекованың сабағына қатысты. Сапар аясында сарапшылар сабақтың өлшенбелі мақсатына, оқылым, тыңдалым және жазылым дағдыларын дамытуға арналған Akelius платформасының жаттығуларын пайдалануына, таңдалған материалдың оқушылар деңгейіне сәйкестігіне, өткен материалдарға сілтемелерге және кері байланыстың болуына назар аударды.
«Біз Akelius платформасын ойын-сауық құралы ретінде ғана емес, өтілетін материалды игеру үшін көмекші құрал ретінде пайдаланатынына назар аудардық. Сондай-ақ, біз үшін бақыланатын көрсеткіштердің бірі барлық оқушылардың тілді меңгеру деңгейіне қарамастан процеске қатысуы болды және бұл әртүрлі деңгейдегі немесе әртүрлі жастағы оқушылар арасында күрделілігі бойынша тапсырмаларды тиісті бөлу арқылы жүзеге асырылатындығы», - деп хабарлады сарапшылар.
Cарапшылар бас-аяғы сабақтың 20 параметрін бақылады. Жоғарыда айтылғандардан басқа, олар ойын әдістерінің болуын, сабақтың әртүрлі кезеңдері арасындағы логикалық байланысты, сабақ тақырыбының Akelius платформасында үйретілетін материалмен байланысын және белгілі бір тапсырма түрі: ребус / ән / квиз-ді сабақтың нақты бір сәтінде таңдаудың дұрыстығын бағалады.
«Сабақтың қарқыны топтың жалпы деңгейіне сәйкес келуі керек, яғни жасанды бәсеңдетусіз және негізсіз үдетусіз жүруі керек. Грамматиканы үйрену мен сөйлеу практикасы арасындағы байланыс сөйлеу практикасының пайдасына шешілуі керек. Оқушының планшетпен жұмыс істеу жағдайы ыңғайлы болуы керек –жеке планшет, құлаққап», - деп атап өтті сарапшылар.
Пилоттық мектептерге сапары барысында сарапшылар сабаққа қатысып қана қоймай, мұғаліммен және оқушылармен сұхбат жүргізді, соның нәтижесінде өткізілген сабақтың сапасы туралы қорытынды жасап, болашақта Akelius платформасын тиімді пайдалану үшін бірқатар кеңестер берді.
10 желтоқсанда сарапшылар орыс тілі мұғалімі Анар Серікқызы Байтабенованың сабағына қатысып, оның сабағын бағалау және жоба қатысушыларынан сұхбат алу үшін №60 мектеп-лицейіне барды. Сол күні сарапшылар №53 мектеп-лицейге барып, жоба аясында орыс тілі мұғалімі Гүлнара Мырзағалиқызы Рахымгазина өткізген сабаққа талдау жасады. Осыдан кейін сарапшылар осы мектепте офлайн форматта тренингтер өткізді.
Ары қарай ХАТУ сарапшылары Шымкентке сапар шекті. 12 желтоқсанда олар екі мектеп: М. Жұмабаев атындағы №39 ЖББОМ және Р. Мырзашев атындағы №76 ЖББОМ, ал келесі күні №50 мектеп-гимназияда болды. Сарапшылар жоба аясында өткізілетін сабақтарды бағалады, мұғалімдер мен оқушылардан сұхбат алды, сондай-ақ №50 мектеп-гимназия базасында педагогтерге офлайн форматта тренинг өткізді.