2022 жылдың 22-23 сәуір аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Журналистика және ақпарат даярлау» бағыты бойынша Республикалық XIV пән олимпиадасы өтті. Білім додасына Қазақстанның 12 қаласынан 16 университет, 48 студент қатысты. Іс-шара Қожа Ахмет Ясауи университетінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.
Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің атынан жарысқа "Hello world" командасы аттанды. Топ құрамында білім ордасының 3-курс студенттері Әділет Есімжан, Нұрлыхан Жұмахан және Аңсаған Ғалаладин болды.
Олимпиаданың ашылу салтанатында алғашқы болып сөз тізгінін қолына алған Қожа Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызы:
– Қадірменді студенттер, бүгінгі Республикалық пән олимпиадасына қош келдіңіздер! «Журналистика мен ақпарат» даярлау үрдісі өте маңызды. Университет студенттері жаңа бағыт бойынша өздерінің үздік екенін дәлелдесе, XXI-ші ғасырда бәсекеге қабілетті болып, биіктен көрінбек. Алдағы сайыста баршаңызға сәттілік тілеймін, – деп ізгі тілегін айтты.
Сайыстың алғашқы күні әр команда өз атауын, логотипін, ұранын таныстырған соң, жеребе тартылып, олимпиаданың негізгі төрт кезеңі басталды:
Доданың бірінші кезеңінде командалар «Өңір экологиясы», «Өңір туризмі», «Мейірімге мұқтажбыз», «NEET» тақырыбының біріне дайындаған бейнесюжетін көрсетіп, қазылар алқасына ұсынды. Төрешілер жұмыс мазмұны, оператор жұмысы мен сюжеттің жаңашылдығына назар аударып, командаларды 10 баллдық жүйемен бағалады.
Екінші кезеңде әр топтан бір студент шығып Kahoot! платформасы арқылы негізгі үш пән мен медиасауаттылық бойынша логикалық-суретті тест сұрақтарына жауап берді. Мұнда қатысушылардың білімімен қатар шапшаңдығы сынға түсті.
Алғашқы жарыс күні аяқталған сәтте, ұйымдастырушылар студенттерге Түркістан қаласында орналасқан "Алатау" медиа орталығының жұмыс барысын көрсетіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған 30 жобамен таныстырды. Кешкі астан кейін Қожа Ахмет Ясауи университетінің өкілдері қонақтарға "Керуен сарай" муниципальды кешенін көрсетіп, фотосессия ұйымдастырды.
Олимпиаданың үшінші кезеңінде жас журналистер газет жанрлары бойынша жазба жұмысын жазды. Шарт бойынша, әр студент газет жанрларының бірін таңдап, сайыстың алғашқы күні алған әсері бойынша эссе жазуға тиіс болды. Сонымен қатар қатысушылар жазба жұмысын әлеуметтік желілер мен платформаларға жариялады. Жазба жұмысындағы тақырыптың ашылуына, өзіндік ой-пікірдің болуына, баяндау жүйелігі мен стилдің сақталуына, мәтін сауаттылығына қазылар алқасы жіті көңіл бөлді. Үшінші кезең аяқталған соң жас журналистер "Ұлы дала елі" рухани орталағымен танысып, түскі үзіліске аттанды.
Білім додасының «газет шығару тәжірибесі» кезеңінде студенттер өздері дайындаған газеттің қағаз және электронды нұсқасын дайындап, ұсынды. Басылым мазмұнында күннің өзекті мәселелерін қамтып, олимпиада бағдарламасы аясында өткізілетін іс-шараларды, Қожа Ахмет Ясауи университетінің имиджін көтеретін материал да қосуға болды. Бағалау критерийлері бойынша, газет төрт беттен кем болмауы тиіс және газетке қойылатын, бетті жоспарлау, макеттеу, жанр әралуандығы мен фотосуреттердің сапалы болуы сынды басты талаптар сақталуы керек болды.
Республикалық пән олимпиадасының жеңімпаздары командалық есепте анықталды. Тартысқа толы білім сайысында Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті жүлделі II орынға ие болды. Топ өздерінің шығармашылық және технологиялық жағынан деңгейлерінің жоғары екенін көрсетіп, қазылар алқасын тарапынан жоғары баллға ие болды. Топ мүшелері әр кезең бойынша креативтіліктері мен жаңа технологияларды меңгеру деңгейі бойынша алда екендіктерін көрсетті.
Пән олимпиадасының жеңімпаздары болған команда I дәрежелі диплом және кубокпен, II, III орынды иеленген командалар сәйкесінше II, III дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар олимпиада барысында талантты студенттерге әр кезең бойынша "Үздік сценарист", "Үздік репортер", "Үздік білімгер", "Үздік газет дизайншысы", "Үздік телеоператор", "Үздік монтажшы", "Креативті студент" және тағы басқа номинациялар берілді. Қатысушылар мен барлық жетекшіге Республикалық пән олимпиадасына қатысқандығы туралы сертификаттар табысталды.
Шынар Қалиаждарова
тележурналист, ассистент-профессор
«Медиакоммуникация және
Қазақстан тарихы» кафедрасы