IITU-де Halyk Finance өкілдерімен кездесу және зейнетақы активтерін басқару бойынша қонақ дәрісі өтті
ㅤ
Ұлттық валюта күні қарсаңында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (IITU) университет басшылығы мен Қазақстанның жетекші инвестициялық банктерінің бірі — «Halyk Finance» АҚ өкілдерінің кездесуі өтті. Іс-шара зейнетақы реформасы, инвестициялық мүмкіндіктер және білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне арналды.
Кездесуге «ХАТУ» АҚ Басқарма Төрағасы – Президенті Р.А. Биғари, «ХАТУ» АҚ Ректоры, Басқарма мүшесі Г.Т. Бекманова, Цифрлық технологиялар, креативті индустриялар және бизнес факультетінің деканы А.Г. Мухамедиева, «Экономика және бизнес» кафедрасының меңгерушісі Е.Ж. Шильдибеков және LABHUB директоры С.В. Ти қатысты.
«Halyk Finance» АҚ атынан Сату департаментінің директоры У.К. Каирбекова және Активтерді басқару департаменті директорының орынбасары К.Е. Туяков қатысты.
Кездесу барысында тараптар зейнетақы реформасының өзекті мәселелерін, салымшылар үшін жаңа мүмкіндіктерді және қаржылық сауаттылықты арттыру перспективаларын талқылады. Университет өкілдері қонақтарды IITU-дің заманауи зертханаларымен және білім беру инфрақұрылымымен таныстырды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға өзара қызығушылық білдірді.
Іс-шара университет студенттері мен профессор-оқытушылар құрамына арналған «Halyk Finance» АҚ қызметі және Қазақстандағы зейнетақы активтерін жеке басқару мәселелеріне арналған қонақ дәрісімен жалғасты.
Спикерлер 2026–2027 жылдарға жоспарланған зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер, зейнетақы жинақтарының экономикалық маңызы және инвестициялаудың негізгі тәсілдері туралы кеңінен баяндады. Консервативті, қалыпты және жоғары тәуекелді инвестициялық стратегияларға, сондай-ақ бағалы қағаздардың табыстылығы мен сенімділігін бағалау әдістеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қатысушылар Halyk Finance басқаруындағы пайлық инвестициялық қорлардың ерекшеліктерімен және инвестициялық портфельді әртараптандыру мүмкіндіктерімен танысты.
Дәріс соңында сарапшылар инвестициялық портфельді басқарушыны және қолайлы инвестициялық стратегияны таңдау бойынша практикалық ұсыныстар берді. Сондай-ақ зейнетақы жинақтарын басқару үшін enpf.kz ресми сайты мен мобильді қосымшаны пайдалану мүмкіндіктерін көрсетті.
Осындай іс-шараларды өткізу студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға, практикалық құзыреттерін дамытуға және университеттің қаржы секторы өкілдерімен өзара байланысын нығайтуға ықпал етеді. IITU-дің Қазақстанның жетекші компанияларымен ынтымақтастығы академиялық білімді инвестициялық қызметтің нақты тәжірибесімен ұштастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.









