Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ-ның бұрынғы Ректоры Раиса Қабиқызы Үскенбаева өмірден озды.
Раиса Қабиқызы ұстаздық және ғылыми жолында докторлық диссертация қорғаудан бастап кафедра меңгерушісі, профессор, академик, проректор, ректор дәрежесіне дейінгі жолдан өтті. Бұл жолдың әр қадамының артында ұлан-ғайыр еңбек, мықты мінез және алға ұмтылу қабілеті тұрды.
Раиса Қабиқызы ақпараттық технологиялар саласындағы белгілі ғалым, жоғары мектептің тәжірибелі ұйымдастырушысы болды. Ол әрқашан жаңа бағыттарды өзгелерден бұрын байқай білді және басқаларға тым батыл көрінген идеяларды ұсынудан тартынбады. Университетті басқарған жылдары оқу үдерісін жетілдіруге, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға және ХАТУ-дың отандық әрі халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі беделін нығайтуға айрықша күш жұмсады.
Оның ең басты жетістігі — шәкірттері. Раиса Қабиқызы бүтін бір ғалымдар мен мамандар шоғырын тәрбиеледі. Бүгінде олардың арасында басшылар, ғалымдар, кәсіпкерлер бар, әрқайсысының бойында ұстазының сіңірген еңбегінің үлесі бар.
«Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің» ұжымы Раиса Қабиқызы Үскенбаеваның отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Біз сіздермен бірге шын жүректен қайғырамыз.
Жарқын да ізгі бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады!